15 сәуір – Ғашықтар күніне орай «AMANAT» партиясының облыстық филиалы «Отбасы» орталығымен бірлесіп, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Екі жүрек: бір шаңырақ, бір өмір» атты мерекелік іс-шара өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жастар мен жас жұбайлардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ мерейлі отбасылардың өнегелі өмір жолын насихаттау.
Кеш барысында жастар өз сезімдерін өнер арқылы жеткізіп, отбасы дәстүрлері мен құндылықтары туралы ой бөлісті. Жас жұбайларға арнайы арт-терапиялық бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар, он жас жұптың некесі заңды түрде қиылып, оларға неке куәліктері табысталды. Жас отбасыларға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының құттықтауы мен естелік сыйлықтары ұсынылды.
Мерекелік шараға «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Гүлшат Мұсаева, партияның облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» жетекшісі Алтынай Молжанова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Жанар Ахетова қатысты.
Кешке қатысушыларды құттықтаған Гүлшат Мұсаева партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы – отбасылық институтты нығайтуға бағытталған. Жоба аясында жас отбасыларға психологиялық және құқықтық кеңестер беріліп, түрлі оқыту семинарлары, кездесулер мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсету бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі шара – сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта да «Отбасы» орталығымен бірлесіп, аналарды қолдау, отбасындағы тәрбиені күшейту, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту және отбасылар арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады», – деді ол.
Іс-шара барысында жас отбасыларға алтын той иесі Жұмабай Жәлімбетов ақ батасын берді.
Кеш соңында өнер жұлдыздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тұрғындар «AMANAT» партиясы ұйымдастырған фотокабинада естелік суретке түсіп, арнайы қойылған кітапшаға өз тілектерін жазып қалдырды.






