Экономика министрі еліміздегі инфляция туралы айтты

243

0

Ағымдағы жылдың басынан бері инфляция деңгейі жаңа 5-7 пайыз аралығында сақталып отыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында 2018 жылғы 8 айлық инфляция жайында баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Ағымдағы жылдың басынан бері инфляция деңгейі жаңа 5-7 пайыз аралығында сақталып отыр. Тамыз айында инфляция 0,2 пайызды құраса, жылдың басынан 2,9 болды. Жылдық инфляция 6,0 пайыз болды. Ағымдағы жылдың басынан бері 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, инфляцияның барлық құрамдауыштары бойынша баға өсуінің бәсеңдегені байқалып отыр. Азық-түлік тауарларына баға өсуі 2,3 пайызды құрады. Азық-түлік емес тауарларына – 3,6. Ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер 3,0 пайыз болды», – деді министр. Оның айтуынша, соңғы үш айда азық-түлік тауарларына бағаның төмендегені байқалып отыр. Бұл инфляция құрамдауыштарының ішінде ең төмен мәнге әкелді. Азық-түлік емес тауарларына бағаның ең көп өскені тіркелді. Бұл ретте, дизель отынына, аяқ киімге, сұйытылған газға, медикаменттерге және тұрмыстық бұйымдарға бағаның өскені байқалып отыр. Баға ақылы қызметтерге орташа қарқынмен өсті. Ақылы қызметтердің ішінде бағаның ең көп өскені әуе және темір жол көлігі қызметтеріне, құқықтық қызметтерге тіркелді. Сондай-ақ, автомобильдерге техникалық қызмет көрсетуге және қонақ үй қызметтеріне баға төмендеді.
«Жыл басынан бері өңірлік бөліністе жоғары инфляция деңгейі орташа республикалық деңгейден шамамен 1 пайыздық тармаққа асып, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде байқалады. Орташа республикалық деңгейден Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Астана және Павлодарда аз ғана  асты»,-  деді Тимур Сүлейменов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<