Экономика министрі теңге бағамы туралы айтты

253

0

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов теңгенің әлсіреуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Ресейге салынған санкцияларға бізге ықпалы қаншалықты екенін біліп отыру үшін макроэкономикалық талдау жұмыстарын жүргіздік. Бірнеше әсер ету арналарын: әлбетте, инвестициялық, сауда және бағамдық ықпалын қарастырдық. Ең бастысы – түпкі ықпал бағамдық, яғни доллардың рубльге, кейін рубльдің теңгеге ықпалы арқылы көрінері анық. Барлық макроэкономикалық, салалық есептер де қолымызда бар. Тіпті бұл жағдайдың жекелеген кәсіпорындарға қалай әсер ететіні туралы ақпарат қолымызда», – дейді Тиумр Сүлейменов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.Министрдің айтуына қарағанда, ұлттық валюта бағамына қатысты жағымсыз болжамдар айқын байқала бастаған жағдайда іске асыратын жауапты ведомстволармен бірлескен әрекеттер жоспары жасалған.«Бұл жоспарлы іс-әрекеттердің ауқымы үлкен. Құпия бөліктері бар болғандықтан, мен ол туралы айта алмаймын. Құжат бар. Сонымен қатар, Экономикалық саясат бойынша кеңесте келесі аптаның сейсенбі немесе сәрсенбі күндері Үкімет басшысының төреғалығымен бұл мәселе жіті талқыланатын болады», – дейді ол.Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі теңгенің әлсіреуіне байланысты пікір білдірді.«Теңгенің әлсірегенін көріп отырмыз. 
Біздің макроэкономикалық модельмен есептегенде баға мұндай болмауы керек (…) Бұл психологиялық, саяси санкциялы және болжамды жағдайға байланысты нарықтың жүйкелік әсері тұрғысындағы мәселе. Анығын айтқанда, біздің модель бойынша теңгенің бағамы мұндай болмауы керек еді. Теңге бағамына ықпал әлбетте бар. Корреляция 100 пайыз болмаса да, жеткілікті дәрежеде жоғары. Сондықтан, инфляцияның мөлшері жылдың соңына дейін біз қалаған дәлізден сәл жоғары болады. Яғни, бізде дәліз – 5-7 пайыз. Қазіргі таңда 8 айдың қорытындысы бойынша инфлацияның деңгейі – тура 6 пайыз болып отыр. Демек, біз дәліздің тура ортасында келеміз. Жылды шамамен 6 пайызбен аяқтауды жоспарлаған едік. Бірақ, теңгенің әлсіреуіне байланысты бұл көрсеткіш – 6,7-6,8 пайыз мөлшерінде болады деп отырмыз. Бірақ, 5-7 пайыздық дәлізден біз шықпаймыз», – дейді Тимур Сүлейменов.«Салалардың өсімі бойынша теңгенің қазіргі бағамы 3,8 пайыздық өсімді белгілеген 2018 жылғы біздің мақсатқа қауіп төндірмейді. Сондықтан, ЖІӨ-дегі қандайда бір өзгерістер болмайды деген ойдамыз», – деп түйді министр. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<