Бірыңғай жүйені қолдану тоқтатылды
Елімізде 2027 жылғы 1 маусымға дейін көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін қолдану уақытша доғарылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2015 жылғы 26 наурыздағы «Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың бір бөлігінің қолданысы тоқтатылды. Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 маусымға дейін көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі пайдаланылмайды. Бұл жүйе автомобиль көлігі саласындағы тасымалдау қызметіне қатысты құжаттарды тіркеуге, есепке алуға, өңдеуге және сақтауға арналған. Сонымен қатар, жүйе арқылы көлік құжаттары туралы нысандалған мәліметтер уәкілетті мемлекеттік органдар мен тасымалдауға қатысушыларға жолданады.
Дәрі-дәрмек бағасы өсті
Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы инфляция бір жылда 11%-ға өсіп, дәрі-дәрмек бағасы 20%-ға өсті, – деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық статистика бюросының маусым айындағы деректеріне сәйкес, дәрігер-мамандардың қабылдау процесі ең көп қымбаттаған қызметтердің қатарына енген. Қызмет құны бір жылда 16%-ға артқан. Сондай-ақ амбулаториялық қызметтер 13%-ға, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) 15%-ға, рентген 12,6%-ға, магниттік-резонанстық томография (МРТ) 10%-ға, физиотерапиялық ем 9,6%-ға қымбаттаған.
Стоматологиялық қызметтер де айтарлықтай қымбаттады. Сонымен қатар фармацевтикалық өнімдердің бағасы бір жыл ішінде 20%-ға көтерілген.
Мемлекеттік кепілдік өзгеріссіз қалады
Министрлік зейнетақы кепілдігіне қатысты ақпаратқа ресми түсініктеме берді. Egemen.kz-тің мәлімдеуінше, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік өзгеріссіз қалады. 2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктің өзі емес, заңнамада қарастырылған өтемақы төлеу тетігінің бірі өзгереді, яғни азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары бұрынғыдай мемлекет кепілдігімен қорғала береді.
Бұл өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына байланысты енгізіліп отыр. Зейнетақы жүйесіндегі жаңа ережеге сәйкес, салымшылар зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың 50 пайызына дейін ғана берілген болатын.
Министрлік қолданыстағы заңнама азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететінін атап өтіп, Ұлттық банк те зейнетақы активтерін басқаруды жалғастыратынын мәлімдеді.
«СБ» ақпарат





