Еңбек құқығының қорғалуы аса маңызды

507

0

Еңбек құқығын қорғау және жұмыскерлердің әлеуметтік мәселелерін оңтайландыру бағытында 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев хабарлады.

– Биыл өңірде 53 ірі және орта кәсіпорындармен еңбек қатынастарын реттеу бойынша меморандум жасалды. Осыған сәйкес, еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Биыл 21 комиссия отырысы өткізіліп, еңбек-әлеуметтік мәселелер жіті қаралды. Сонымен қатар облыстық кәсіподақтар орталығына жыл басынан бері 2000-нан астам жұмыскер мүше болып қосылды. Ал аймақ көлемінде кәсіподақ ұйымы бар мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 667 өндірістік кеңес құрылды, – деді Мақсұт Ыбырайханұлы.

Брифинг барысында білім және денсаулық салалары бойынша кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Биыл облыс көлемінде педагогтардың әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша біршама нәтижеге қол жеткіздік. Нақтырақ айтқанда, балабақша педагогтарының арасында «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңында көзделген талаптарды іске асыру қиындық туғызуына байланысты еңбекақы жетіспеушілігі өзекті мәселелердің бірі болды. Әйтсе де облыстық кәсіподақтың тікелей араласуымен мәселе оң шешімін тауып, облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Сонымен қатар педагогтарымыздың құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін мониторингтік жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеміз, – деді облыстық білім және ғылым саласының кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Есқалиева.

– Жыл басынан бері облыстағы барлық емдеу мекемелеріндегі әлеуметтік әріптестермен кездесу барысында емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне еңбек құқығы туралы түсіндірме жүргізілді. Денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан медбикелерге қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы сертификаттар табысталды. Алдағы уақытта да мұндай шаралар легін одан әрі көбейту жоспарымызда бар, – деді «Сенім» денсаулық сақтау саласының кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылхан Абылайханұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<