Ешкім ұсталған жоқ – Скляр Шудағы пойыз машинисі жайлы

273

0

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр Жамбыл облысында болған төтенше жағдайдан кейін ешкімнің де ұсталмағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
 Айта кетейік, осыған дейін Астана-Алматы пойызын басқарған машинистің ұсталғаны хабарланған еді. «Тергеу қорытындысын күтейік. Ешкім де ұсталған жоқ. Сол үшін, яғни, осы жағдайды объектив түрде тергеу үшін оқиға орнына Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асавбаевты жібердік. Біреу ұсталды дегенді естіген жоқпын, ондай болған жоқ», – деді Роман Скляр журналистерге. Бас прокуратура да осы мәліметке қатысты пікір білдірді.
«Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеудің жүргізіліп жатқанын ресми түрде хабарлаймыз, тергеу барысында ешкім ұсталған жоқ», – делінген прокуратураның хабарламасында. Осыған дейін пойыз апатынан қаза болған жасөспірім мен зардап шеккендердің тізімі жарияланып, апатқа ұшыраған пойыздың жылдамдығы қандай болғаны жайлы айтылған болатын. Сонымен қатар, мұның алдында ҚР ИДМ баспасөз қызметі Шу станциясы маңында пойыздың рельстен шығу себептерін тексеретін комиссия құрылғанын хабарлаған еді.
 «17 маусымда 13.25-те Сарышаған-Шу учаскесінде Астана-Алматы бағытындағы #9/10 пойызының жолаушылар отыратын 8 вагоны рельстен шығып кетті. Төтенше оқиға машинист теміржолдың қисайғанын көріп, көлікті шұғыл тежегенінен кейін болды. Оқиғаны тексеру үшін ҚР ИДМ Көлік комитеті жанынан арнайы комиссия құрылды», – деп хабарлаған болатын ҚР ИДМ өкілдері.
Еске салайық,17 маусымда сағат шамамен 14.00-де Жамбыл облысындағы Отар мен Шу станцияларының арасында төтенше жағдай болған еді. Мұның алдында үш вагонның рельстен шығып кеткені хабарланған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<