Фейк: «2025 жылы жаңа пандемия болады»

443

0

Фото: pixabay

Желіде кейбір дереккөздер «2025 жылы жаңа инфекция пайда болатыны болжанып отыр» деген ақпарат таратты. Бұл «аштық пен көп адамның өліміне әкеледі» екен. Бұл — өтірік ақпарат, деп жазады stopfake.kz

Біріншіден, автор ешқандай нақты ақпарат көздерін атамайды. Бірақ 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың қазан айына дейін әлемде аштық пен жаппай өлім болады деп мәлімдейді. Ол кезде «Х ауруы» тарайды екен.

«Х ауруы» терминін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылы енгізді. Бұл мүлдем инфекция емес. Ғалымдар болашақта эпидемияға әкелуі мүмкін белгісіз ауруды осылай атайды. Бұған дейін, 2015 жылы ДДҰ пандемия тудыруы ықтимал басым қоздырғыштардың тізімін жасады. Тізім тұрақты емес, ол жаңартылып отырады.

The Guardian басылымының хабарлауынша, Ұлыбританияда вакциналарды зерттеу орталығы ашылды. Онда жануарлардың вирустарын зерттеп, иммундауды күшейту қажет аймақтар анықталып, «Х ауруына» дайындық жүргізіледі. Мұндай зертхананы құру «100 күндік миссия» жобасына кіреді. Ғалымдар 100 күнде Х ауруын тиімді жеңе алатын қауіпсіз вакцина жасау үстінде.

Хабарлама авторлары Дүниежүзілік экономикалық форумды да мысал ретінде келтіреді. Бұл ұйым 2025 жылға қарай болатын апатты инфекцияны модельдеген екен. Бұл туралы ДЭФ-тің ресми сайтында да, әлеуметтік желілерінде де ақпарат жоқ.

2023 жылдың сәуірінде 2025 жылы пандемияның басталуына себеп болатын SEERS вирусы жасалды деген жалған ақпарат тарады. AP фактчекерлері бұл оқу-жаттығулары болғанын анықтады. Оны 2022 жылдың қазан айында Джонс Хопкинс орталығы ДДСҰ және Гейтс отбасылық қорымен бірлесіп ұйымдастырған.

«Апатты ауру жұқтыру» жаттығуларында болашақ пандемиямен күрес шаралары мен оған дайындық пысықталды.

Сондай-ақ, жарияланымда Deagel сайтының болжамы туралы айтылады. 2025 жылы планета халқы азаяды екен. Deagel платформасында әртүрлі елдердің әуе-ғарыш күштері туралы ақпарат бар. Мұнда осы тақырыптағы жаңалықтар шығады, сайт ешқандай болжам жасамайды.

Осылайша, 2025 жылы әлемде жоспарланған инфекция тарап, аштық пен жаппай өлім болатынына дәлел жоқ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<