Фракцияның кезекті отырысы өткізілді

5

0

Фото: «AMANAT» партиясы

Бүгін аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы өткізіліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер жан-жақты қаралды. Жиынды фракция жетекшісі Аяғанов Еркебұлан Бауыржанұлы ашып, күн тәртібіндегі әрбір мәселенің маңыздылығына тоқталып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың қажеттігін атап өтті.

Отырысқа фракция мүшелерімен қатар, тиісті бөлім басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысып, қаралған мәселелер бойынша өз баяндамаларын ұсынып, пікір алмасты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Арал ауданы бойынша Жол картасының іске асырылу барысы болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, бірқатар көрсеткіштердің орындалу деңгейі талқыланды. Жол картасында көзделген жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететіні атап өтіліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар, отырыста «Ауыл Аманаты», «Жер Аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының жүзеге асырылу барысы кеңінен қаралды. Аталған жобалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды бастамалар ретінде бағаланды. Жоба аясында жүзеге асқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланып, тиімділікті арттыру жолдары ұсынылды.

Жиын барысында мемлекеттік органдарға жолданған депутаттық сауалдардың сапасы мен олардың орындалу деңгейі де назардан тыс қалмады. Бұл ретте депутаттық сауалдардың нақты, мазмұнды әрі нәтижеге бағытталған болуы қажеттігі айтылып, олардың орындалуын бақылау тетіктерін күшейту мәселесі көтерілді.

Сондай-ақ, тұрғындардан келіп түсетін өтініштер мен талап-тілектерді орындау және оларды жүйелі түрде жинақтау тетіктері қарастырылды. Халықпен кері байланысты нығайту, азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешу – депутаттардың басты міндеттерінің бірі екені ерекше атап өтілді.

Отырыстың маңызды бөлімдерінің бірі – мәслихат депутаттарының халық алдында есептік кездесулерінің кестесін бекіту болды. Бұл кездесулер тұрғындармен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы депутаттардың ашықтығы мен есептілігі артып, халық сенімін нығайтуға жол ашылады.