Париж қаласында Қазақстанның Франциядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Еуропа қазақтары бас қосты.
Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Түркия Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Рашида Юксель, Қазақ-француз-түрік қауымдастығының төрағасы Режеп Гюнай, «Отандастар» қорының вице-президенті Әлібек Жұрқадам және Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Сыр елінің өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, күй мен жырды, дәстүрлі ән мен патриоттық шығармаларды шетелдегі ағайынға тарту етті. Қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық рухы Еуропа төрінде кеңінен насихатталды.
Ұлттық нақышқа толы кеште көрермендер қазақ өнерінің терең тамыры мен рухани құндылықтарына куә болды. Сыр сүлейлерінің мұрасын дәріптеген өнер шеберлері ел мәдениетінің мәртебесін асқақтатты.
Сонымен қатар, ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ата-бабадан жеткен асыл мұра көпшілік назарына ұсынылды.





