Фредди Меркьюридің Лондондағы үйі сатылымға шықты

251

0

Фото: Euronews

Аты аңызға айналған музыкант Фредди Меркьюридің үйі Garden Lodge елу жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет сатылымға қойылды. Осы уақыт ішінде үйдің құны шамамен 60 есе өсті, деп жазады Euronews.

Фредди Меркьюри өмірінің соңғы он жылын өткізген Лондондағы зәулім үйі 45 жылға жуық уақыттан бері алғаш рет сатылымға шықты. 1907 жылы салынған үйдің шаршы метрі мен схемасы туралы мәліметтер «құпиялылық мақсатында» көпшілікке жарияланбады.

Дәл сол себепті оның сатылатыны туралы хабарландыру да интернетте жарияланбады.

Garden Lodge сарайы беделді Кенсингтон аймағында орналасқан және 30 миллион фунт стерлингке (38 миллион доллар) бағаланды.

Меркьюри үйді 1980 жылы сатып алған. Ол жылжымайтын мүлікті қолма-қол ақшаға алған. Зәулім үйдің ол кездегі бағасы 500 мың фунт стерлингтен асады.

«Мен үйді көре сала оған ғашық болдым. Жарты сағат ішінде үйді сатып алдым», – деген еді Меркьюри көзі тірісінде.

Музыкант үйді қалпына келтіріп, оны көптеген өнер туындыларымен, соның ішінде Пикассо, Дали және Матисс картиналарымен толтырды.

Бұл үй өткен айдың соңында сатылымға қойылды. 1991 жылы Меркьюри қайтыс болғаннан кейін үй Мэри Остинге мұраға қалған. Меркьюи Остинді өмірінен артық жақсы көрген.

Өткен жылдың соңында 72 жастағы Остин музыканттың 1500 жеке заттары топтамасын аукционға қойып, кейін екі баласымен 30 жылдан астам тұрған үйін сатуға шешім қабылдады.

Олардың әкесі суретші және кәсіпкер Пирс Кэмеронмен Остин 1990 жылдан 1993 жылға дейін ресми некеде болған.

«Бұл үй әдемі естелік қазынасына айналды, өйткені әрбір бөлме махаббат пен жылуға толы, – деді Остин. – Мұнда өмір сүру — ғанибет. Және көптеген жылы естеліктер қалды. Енді ол бос, мен оны алғаш көрген сәтке оралдым. Фредди екеуміз аты аңызға айналған жасыл есіктен өткен сәттен бастап бұл жер бейбітшілік мекені, нағыз суретшінің үйі болды. Енді сол тыныштық сезімін келесі адамға тапсыратын кез келді».

Көптеген жазулар мен сызбалар салынған, сарайдың айналасындағы бақшаны қоршап тұрған кірпіш қабырғадағы есік өткен жылы Sotheby’s аукционында 524 000 долларға сатылды.

Фредди Меркьюри 1991 жылы 45 жасында пневмониядан қайтыс болған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<