Конституция

Газ саласын дамыту мәселелері қаралды

4

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті.

Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде ауданның газ саласын дамыту мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету міндетін тұрақты назарда ұстап келеді. Осыған сәйкес, ауданымызда елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде аудан бойынша 19 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Нәтижесінде халықты табиғи газбен қамту деңгейі 80 пайызға жетіп отыр.

Мәжілісте алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудан әкімі жылу беру маусымына сапалы дайындалу барлық мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік нысандардың, коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдардың және ауылдық округ әкімдерінің ортақ міндеті екенін атап өтті.

Сонымен қатар мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет және спорт мекемелері жылыту маусымы басталғанға дейін толық дайын болуы тиіс екендігі айтылды. Инженерлік инфрақұрылымның сенімді жұмыс істеуі, қазандықтардың, жылу және су құбырларының, электр және газ желілерінің дайындығы, қажетті отын қорының жасақталуы мен авариялық қызметтердің әзірлігі тұрақты бақылауда болуы қажеттігі тапсырылды.

Күн тәртібінен тыс өзекті мәселелердің бірі ретінде 2026 жылғы мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру науқанының барысы қаралды.

Аталған мәселе бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы Бағдат Сағатұлы баяндама жасап, шақыру науқандарының орындалу барысы мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күн тәртібінде көтерілген барлық мәселелердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырып, жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, газдандыру жұмыстарын жүйелі жалғастыру және әскери қызметке шақыру жоспарын толық орындау бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі