Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрында Теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
Құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған Қызылорда жол бөлімшесі Сыр өңіріндегі теміржол саласының дамуына тың серпін беріп, экономика флагманына айналды. Ұжым 1958 жылдан бері инфрақұрылымды дамытуға, жүк пен жолаушы тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға күш салып келеді. Қызылорда магистральды желі бөлімшесі облыс аумағындағы мың шақырымнан астам магистральды теміржол желісіне тәулік бойы қызмет көрсетеді. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл 59 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. «Сексеуіл-Қоскөл» учаскесінің 50 шақырымы заманауи технологиялар көмегімен жабдықталды. Осылайша теміржолдың транзитті әлеуеті жаңа деңгейге көтерілді. «Арыс-Қазалы» учаскесінде қолға алынған екінші жол салу жобасы өңірдің өткізу қабілетін ұлғайтып, ұзын құрамды әрі ауыр салмақты пойыздардың кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді.
Ғасырлық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған теміржолшыларды облыс әкімі Мұрат Ергешбаев кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы Сыр өңірінің теміржол кешені заман талабына сай жаңарып келе жатқанын атап өтті.
– Станциялар мен жол бойындағы нысандар автоматтандырылып, цифрлық жүйеге көшуде. 2024 жылы 600 млн теңгеден астам қаржыға Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы ғимараты мен оған іргелес аумаққа күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттандырылды. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Соның 10-ы біздің облысымыздың еншісінде. Жақында ғана Қазалы, Шиелі, Жаңақорған, Сексеуіл теміржол вокзалдары мен «Талап» бекетіндегі жолаушылар платформасы халық игілігіне табысталды. Арал, Төретам, Жосалы теміржол вокзалдарын, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерін пайдалануға беру кезең-кезеңімен аяқталады. Биыл өңірімізде 80 шақырымнан астам теміржолға күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Сыр өңірінің теміржол кешені заман талабына сай жаңарып келеді, – деді облыс әкімі.
Облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы қатынайды. Жыл басынан бері 550 мыңнан астам жолаушы мен 9 млн тонна жүк тасымалданды. Мамыр айында жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсететін «Марал Нұр» серіктестігінің жаңа кешені іске қосылды. Онда 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс әкімі бүгінгі күні қытайлық компаниямен бірге заманауи жолаушылар вагонын құрастыру жобасын жүзеге асыру талқыланып жатқанын тілге тиек етті.
– Теміржол – жоғары жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін сала. Бүгінде аймағымызда осы салада 7 мыңнан астам маман аянбай еңбек етіп жүр. Күннің ыстығы мен қыстың аязына қарамастан, болат жолдың бойында үздіксіз қызмет етіп жүрген әрбір қызметкердің еңбегі зор құрметке лайық, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты жиында темірдей тәртіпті ту еткен еңбеккерлер құрмет төрінен көрінді. Олардың бірқатары облыстың Құрмет грамотасымен, тағы бір топ сала үздігі облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қызылорда магистральды желі бөлімшесі филиалының директоры Батырхан Базарбаев ел экономикасының қуатын арттырып, өңірлерді өзара жалғайтын стратегиялық саланың маңызына тоқтала келе, оның тұрақты дамуы мен сенімді қызметін қамтамасыз етіп келе жатқан әріптестеріне жылы лебізін жеткізді.
– Биыл біз осы салада ерекше орны бар екі құрылымның мерейлі жылын атап өтудеміз. Оның бірі – Қызылорда және Қазалы қайта қалпына келтіру пойыздарының 90, сондай-ақ Жаңақорған вокзалының 50 жылдығы. Күн сайын мыңдаған адамға жайлылық пен қауіпсіздік сыйлаған өздеріңізге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Б.Базарбаев.
Өз кезегінде ол бірқатар қызметкерге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Жергілікті өнерпаздардың ән мен жырдан шашуы мерекелік жиынның мәнін ашып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





