Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Назарбаев Университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қол қою рәсіміне ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу қатысты, – хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Леонид Прокопенко «Қазақстан мен Германияның интеграциялық саясаты. Салыстырмалы сараптама» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда Назарбаев Университетінің президентімен меморандумға қол қойғанға дейін де ұзақ уақыт бойы бірге тығыз жұмыс жасағанын айтты.
«Мен Шигео Катсу мырзаға байланыс орнатуға ниет танытқаны үшін алғысымды білдіремін. Бірақ біз меморандумға дейін де ұзақ уақыт бойы бірге тығыз жұмыс істедік. Университет – Қазақстанның интеллектуалды саласындағы көшбасшысы. Білім мен ғылымды дамыту Қазақстан халқы Ассамблеясы басымдық беретін маңызды салалардың бірі. Ғылым алаңында интеллектуалды байланыс орнату ұлттық бірліктің қазақстандық моделін дамытуға және арамыздағы өзара әрекеттістікті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деген ойдамын», – деді Леонид Прокопенко.
Леонид Прокопенконың атап көрсеткендей, этномәдени бірлестіктерді бірыңғай Ассамблеяға біріктіру барлық этникалық топтардың мүдделерін жинақтаудың қуатты қоғамдық ресурсы болды.
«Біз ұлттық азшылық ұғымынан бас тарттық. Біздің конституция этносқа да, саяси-құқықтық және қоғамдық тұрғыдан тәуелсіз, еліміздің барлық азаматтарының қоғамдастығының қағидасын негіздеген «Біз Қазақстан халқымыз» деген сөздерден басталады. Айта кету керек, нәтижесінде барлық этникалық топтар интеграциялық стратегияны таңдады. Өзінің өмірлік интеграциялық моделін. Елдің ешбір этносы оқшаулану үлгісін таңдаған жоқ», – деді ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі.
Айта кетейік, аталған конференцияға Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, шетелдік сарапшылар, ҚХА мүшелері, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция жұмысы барысында Қазақстан мен Германияның бірқатар көші-қон мәселелері талқыланды. Олардың қатарында мигранттардың негізгі ағымы, еңбек миграциясы, алдағы уақытқа миграциялық болжам, мемлекеттік емес ұйымдардың және мемлекеттік мекемелердің этникалық топтардың интеграциясындағы рөлі, мигранттардың бейімделуі мен интеграциясындағы және олардың билік органдарымен өзара әрекетіндегі этномәдени бірлестіктердің рөлі мен мүмкіндіктері сияқты мәселелер бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<