Вакциналау – денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды.Біздің елімізде профилактикалық екпелер Ұлттық екпе күнтізбесі шеңберінде жүзеге асырылады.
Тұрғындардың иммундаудың маңыздылығы жөнінде хабардарлығын арттыру мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының ұсынысы бойынша 2005 жылдан бері иммундау апталығы өтеді. Биыл бұл науқан 2025 жылдың 27 сәуірі мен 3 мамыр аралығына белгіленді, биылғы ұран «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді». Иммундау апталығы бір мезгілде барлық елде жүргізіледі. Бұл науқан халықтың жұқпалы аурулардың екпе профилактикасына оң көзқарасын қалыптастыруға, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін иммундаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталған.
Шара аясында балаларын иммундаудан бас тартқан ата-аналармен, халықтың қол жеткізу қиын топтарымен жұмыс істеуге, білім беру мекемелерінде иммундауды насихаттауға ерекше назар аударылатын болады.
Вакцинациядан бас тарту сынды көзқарастардың туындауына бірден-бір себеп – әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз жарияланымдардың, негізсіз ақпараттардың болуы. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен дәрігерлер бірлесіп, ата-аналардың иммундауға деген сенімін нығайту, иммундаудан өтудің қажеттілігі туралы ата-аналармен диалог орнату сияқты хабардарлықты арттыруға бағытталған шараларды тұрақты жүргізудің арқасында өз ойын өзгертіп, вакциналарын алып жатқан ата-аналар да жоқ емес.
Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен мамандандырылған егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 215 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 44 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. Егуден кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<