Құрылтай

Инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды

5

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Харвест Агро» компаниясының Қызылорда өңірлік директоры Бақытжан Маралов пен компания өкілі Жәнібек Саянұлын қабылдап, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

«Харвест Агро» компаниясы техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру, оларды қайта өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік кластер жобасын жүзеге асыруды көздейді.

Аудан әкімі кездесуде жобаға қажетті сүйемелдеу шараларына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мұндай ірі жобалар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, аудан экономикасының өсіміне оң әсер ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту – басты міндеттердің бірі. «Харвест Агро» жобасы ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, жобаға қажетті инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешіп, заң аясында жан-жақты қолдау көрсетеміз. Ең бастысы – жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асуы маңызды», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Жобаға Қаракеткен ауылдық округі аумағынан жер учаскесі бөлінген. Биыл 5 мың гектарға жүгері, 2 мың гектарға мақсары егілген, онда 142 жаңбырлатып суару қондырғысы жұмыс істейді.

Жоба толық жүзеге асқаннан кейін жылына 60 мың тоннаға дейін техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері және 20 мың тонна соя өңдеу жоспарланып отыр.

Өндірілген өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етумен қатар, шетелдерге де экспортталады.

Қазіргі таңда жобаға 26,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылған. Егіс және өндірістік жұмыстарға 50 техника жұмылдырылған.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі