Осыдан екі күн бұрын облыс әкімінің баспасөз қызметі елеулі жаңалықты жария етті. Бұл, шын мәнінде, облыс экономикасын өрге тартатын айтулы жобаның алғашқы нәтижесі.
Қызылорда қаласындағы қолданыстағы ескі жылу-электр орталығы 1964 жылы пайдалануға берілген. Мұнда екі қазандық пен бір турбогенератор болған. Орталық 67 мегаватт электр энергиясын өндіріп, облыстың тұтыну көлемінің 30 пайызын ғана қамтып келді.
Енді жағдай өзгерді.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы құрылысы аяқталып, іске қосылды. Түріктің «Aksa Energy» компаниясы қолға алған жобаға 215 млрд теңге инвестиция салынған.
Жоба бойынша қуаттылығы 176 МВт 2 газ-турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ), 95 МВт бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы 120 тн/сағ 2 бу қазандығы (ACBOILERS, Италия), 150 Гкал/сағ 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) орнатылды. Бүгінде жылу орталығында 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде және 150 МВт-тық 4 су жылыту қазандығы қосылды. Қосымша 95 МВт-тық бу турбинасы да дайын.
Станция құрылысы 2024 жылы басталып, екі жыл ішінде аяқталып отыр. Инвестициялық шартқа сәйкес, мұны 2026 жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған болатын. Облыс әкімдігінің ұтымды ұйымдастыруымен құрылыс мерзімінен бұрын бітіп, жұмыс тиісті сапаға сай бекітілген кестеден ерте жүзеге асты.
Бұған дейін айтылып келгендей, орталық облысты электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, өндірісті дамытуға тың серпін бермек. Мамандар жаңа станцияның қуаты 240 мегаватт, облыстың электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 220 мегаватт, яғни ауысқанын өзге өңірлерге сатуға да мүмкіндік бар екенін алға тартады.
Әрине, станция жұмысына заманауи технологиялар енгізілген. Жаңаның ескі жылу-электр орталығынан артықшылықтары да аз емес. Газ тұтыну көрсеткіші 50 пайызға үнем жасаса, станция 20 минут ішінде 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жүктеме өзгерістеріне тез бейімделіп, қуатты жылдам арттырып немесе азайта алады. Бұл дегеніңіз, жалпы оңтүстік өңірлердің энергетика жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін қажет. Келтірілген деректерге қарағанда, ескі жылу-электр орталығының ең жоғары желілік температурасы 950 0С болса, жаңа станцияда 1300 0С дейін көтеруге мүмкіндік бар. Су қыздыру қазандықтарының пайдалы әсер коэффициенті (КПД) 30 пайызға жоғары, яғни жылуды аз жоғалтады. Жаңа станция автономды түрде жұмыс істегендіктен, жоғары қуатты (магистральдық) желілерде ақау шықса немесе кернеу күрт өзгерсе, өшіп қалмайды.
«СБ» ақпарат





