Құрылтай

Испания – әлемнің екі дүркін чемпионы

11

0

АҚШ, Канада және Мексикада бес жарым аптаға созылған футбол мерекесі мәресіне жетті. Нью-Джерсиде өткен шешуші кездесуде Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңген Испания құрамасы тарихында екінші рет Әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленді. Жеңіс добын алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ферран Торрес соқты.

Кездесудің алғашқы минут­та­ры­нан Испания допқа иелік етіп, қар­­сыласын жоғары қысыммен қыс­­паққа алуға тырысты. Луис де ла Фуэнте шәкірттері әдеттегідей алаңның әр бөлігінде тығыз әрекет етіп, доптан айырылған бойда оны қайтарып алуға ұмтылды. Алайда Аргентина орталық шепті бекем ұстап, қарсыласының еркін ойнауына мүмкіндік бермеді.

Екінші кезеңде де ойынның сипа­ты өзгере қоймады. Испания допты бақылап, Аргентина қорғаныстағы тәртібінен жаңылмады. Бірақ негізгі уақыттың аяқталуына санаулы секунд қалғанда Лионель Скалони командасының жоспарына үлкен соққы тиді. 90+3-минутта Энцо Фер­нандес Пау Кубарсиге қарсы дөрекі ойнағаны үшін екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.

Негізгі уақыттағы статистика Испа­нияның басымдығын анық көрсетті. «Қызыл фурия» қарсылас қақпасына 20 рет соққы бағыттап, оның 12-сін нысанаға дәл жеткізді. Ал Аргентина 90 минуттың ішін­де бірде-бір соққы жасай алма­ды. Бұл – Әлем чемпионаты фина­листері арасындағы ең төменгі көрсет­кіштердің бірі.

Он ойыншымен қалған оңтүстік­америкалықтар кездесуді пенальти сериясына дейін жеткізуге әре­кет­тенді. Алайда олардың үміті қо­сымша уақыттың екінші бөлімі бас­талғаннан кейін небәрі 39 секундтан соң үзілді. 106-минутта Педро Порро допты қақпаның алыс бағанына көтеріп берді. Нико Уильямс әуе добын ұтып, оны басымен кейін қарай бағыттады. Сол сәтте айып алаңында қараусыз қалған Ферран Торрес шамамен сегіз метр жерден допты қақпа маңдайшасының ас­тына дәл қадады.

Аргентина қатарынан екінші Әлем чемпионатының финалына шық­қанымен, чемпиондық атағын қорғай алмады. 39 жастағы Лионель Месси бастаған құрама плей-офф кезеңінде бірнеше күрделі сынақтан өтті. Капитанның шеберлігі мен тәжіри­бесі Аргентинаның тағы бір шешуші матчқа жетуіне үлкен ықпал етті.

Турнир қорытындысында Ис­пания жартылай қорғаушысы Родри Әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанып, «Алтын допты» иеленді. Екінші орын Лионель Мессиге, үшінші орын Килиан Мбаппеге бұйырды. Финалдың үздік футболшысы ретінде жеңіс голының авторы Ферран Торрес танылса, Унай Симон «Алтын қолғапты», Пау Кубарси үздік жас ойыншы жүлдесін алды. Франциялық Майкл Олисе жеті нәтижелі паспен турн­ирдің үздік ассистенті атанып, бір Әлем чемпионатындағы жаңа рекорд орнатты.

Франция жүлдесіз қалғанымен, сегіз кездесуде 10 гол соғып, төрт нәтижелі пас берген Килиан Мбаппе «Алтын бутсаны» жеңіп алды. Ол Әлем чемпионаттарындағы гол са­нын 22-ге жеткізіп, 21 доп соққан Мессидің рекордын жаңартты. Фран­­цуз шабуылшысының бір тур­нирдегі 14 нәтижелі әрекеті де жаңа көрсеткіш саналады. Сегіз гол мен төрт пас тіркеген Месси «Күміс бут­саға» ие болса, Джуд Беллингем мен Эрлинг Холанд жеті голдан соқты.

Англия құрамасы қола жүлдені еншіледі. Томас Тухель шәкірттері жартылай финалда Аргентинадан ұтылғанымен, үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде Фран­цияны 6:4 есебімен жеңді. Бұл – 1966 жылғы чемпиондықтан кейінгі ағылшындардың Әлем чемпио­наттарындағы екінші жүлдесі.

2026 жылғы Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтті. Футбол тари­хында тұңғыш рет әлемдік доданы бірден үш мемлекет қабылдады.

Бұл – 48 құрама қатысқан ал­ғашқы біріншілік. Командалар 12 топқа бөлініп, турнир аясында жал­пы саны 104 кездесу өткізілді. Қа­тысушылар санының артуына бай­ла­нысты жарыс бес жарым ап­таға созылды.

Жаңартылған формат көптеген елге әлемдік додада бақ сынауға мүм­кіндік берді. Кабо-Верде секілді дебютанттардың табысты ойыны, Египеттің тарихи нәтижесі және фаво­риттердің күтпеген жеңілістері тур­нирдің тартымдылығын арттыра түсті.

Дегенмен, бес жарым аптаға созылған футбол марафонында ең тұрақты, ұйымшыл әрі тактикалық тұрғыдан сауатты команда Испания болды. Луис де ла Фуэнте шәкірттері топтық кезеңдегі Кабо-Вердемен тең ойыннан кейін біртіндеп қар­қын алып, плей-оффтағы барлық қар­сыласынан басым түсті.

Нью-Джерсидегі финалда Фер­ран Торрестің бір ғана дәл соққысы бір жарым айлық доданың басты сұрағына жауап берді. Еуропа чем­пиондығын жеңіп алған Испания енді әлемдік футболдың да ең биік шыңына көтерілді.

2026 жылғы Әлем чемпио­на­тының қорытындысы бойынша Ис­­пания алтын, Аргентина күміс, Ан­­глия қола жүлдеге ие болды. Франция төртінші орынмен шек­телді. Ал әлем футболы жаңа чем­пион­ды ғана емес, жаңа рекорд­тарды, жарқын есімдерді және тарих­­­та ұзақ сақталатын талай дра­малық сәтті көрді.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»