Футболдан әлем чемпионатының шешуші матчында Испания мен Аргентина құрамалары әлем чемпионы атағын сарапқа салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалы Нью-Йоректе өтіп, матчты АҚШ президенті Дональд Трамп, ФИФА президенті Джанни Инфантино және өзге де танымал тұлғалар трибунадан тамашалады. Ашылу салтанаты ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылып, оған Голливуд жұлдызы Том Круз да қатысты. Осыдан кейін алаңға қазіргі ФИФА рейтингіндегі әлемнің ең мықты екі құрамасы – Испания мен Аргентина шықты.
Екі құраманың бастапқы құрамын шамамен 90 пайыз дәлдікпен болжауға болатын еді. Матчтағы басты назар «Барселонаның» бұрынғы және қазіргі жұлдыздары – аргентиналық Лионель Месси мен испаниялық Ламин Ямальда болды.
Испания – Аргентина: матч қалай өтті
Әлемнің қазіргі чемпионы Аргентина кездесуді сақ бастады. Алғашқы минуттардан-ақ допқа испаниялықтар иелік етіп, қарсылас қақпасы маңында қауіпті сәттер жасай бастады.
Дегенмен аргентиналықтар Луис де ла Фуэнте шәкірттерінің жоғары қорғаныс шебін тиімді пайдаланып, қарымта шабуылдарға жиі шықты. Осындай сәттердің бірінде қақпашы Унаи Симон дер кезінде алға шығып, командасын голдан құтқарып қалды.
Ойын тартысты әрі қатаң өткеніне қарамастан, төреші алғашқы сары қағазды тек 41-минутта көрсетті. Лисандро Мартинес испаниялықтардың шабуылын ереже бұзып тоқтатқаннан кейін ескерту алды. Көп ұзамай жарақатына байланысты аргентиналық қорғаушы алаңнан кетіп, оның орнына 38 жастағы Николас Отаменди шықты.
Екінші тайм
Екінші тайм басталысымен Леандро Паредес алаңға шығып, Нико Гонсалестің орнын басты. Алайда 52-минутта-ақ Паредес сары қағаз алды.
Уақыт өткен сайын Испания құрамасының шабуылдары күшейе түсті. Таймның ортасында Дани Ольмо мен Ламин Ямальдың қауіпті соққыларын қақпашы Эмилиано Мартинес үлкен қиындықпен қайтарды.
67-минутта Ямальдың әуелете берген пасынан кейін Ферран Торрес баспен қауіпті соққы жасағанымен, Мартинес бұл сәтте де командасын құтқарып қалды.
Жалпы, екінші таймның басты кейіпкері дәл Эмилиано Мартинес болды. 86-минутқа дейін ол сегіз сэйв жасап, Аргентина қақпасын аман сақтап қалды.
Таймдағы тағы бір шешуші сәт – 93-минутта Энцо Фернандестің Пау Кубарсиге қарсы жасаған өрескел ойыны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылуы болды. Аргентина матчтың соңын он ойыншымен өткізуге мәжбүр болып, 97-минутта өз қақпасы маңында қауіпті айып соққысына жол берді.
Доптың қасына Ламин Ямаль келіп, алыс бұрышқа дәл бағыттағанымен, Эмилиано Мартинес тағы да керемет сейв жасап, командасын құтқарды.
Осылайша негізгі уақыт жеңімпазды анықтай алмай, ойын қосымша уақытқа ұласты.
Жеңімпаз қосымша уақытта анықталды
Қосымша уақытта да ойын негізгі уақыттағы қарқынмен жалғасты. 92-минутта испаниялықтар тағы бір мәрте есепте алға шығуға мүмкіндік алды. Алайда Нико Уильямстың соққысын Эмилиано Мартинес қайтадан тойтарды.
97-минутта доп Аргентина қақпасына енгенімен, төреші шабуыл кезінде ереже бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады.
Алайда 106-минутта Испания бәрібір өз мақсатына жетті. Нико Уильямс тамаша пас шығарып, Ферран Торрес мүмкіндігін мүлт жібермей, допты Аргентина қақпасына дәл бағыттады. Бұл жолы гол толықтай ереже аясында соғылып, Испанияны алға шығарды.
Командалар финалға қалай жетті
Испания турнирде әлі бірде-бір матчта жеңілген жоқ. Плей-офф кезеңінде Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері Австрияны (3:0), Португалияны (1:0), Бельгияны (2:1) және Францияны (2:0) жеңді. Жартылай финалда испандар ойынды толық бақылауда ұстап, қарсыласына қауіпті шабуыл жасауға мүмкіндік берген жоқ.
Аргентина да әлем чемпионатындағы барлық жеті кездесуінде жеңіске жетті. Алайда плей-оффта бірнеше рет қиын жағдайдан шықты. Команда Кабо-Вердені қосымша уақытта 3:2 есебімен ұтты, Египетпен ойында 0:2 есебінен кейін камбэк жасап, 3:2 жеңді. Кейін Швейцарияны 3:1 есебімен жеңіп шықты.
Жартылай финалда Аргентина 85-минутқа дейін Англиядан ұтылып жатқанымен, Энцо Фернандес пен Лаутаро Мартинестің голдарының арқасында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Лионель Месси екі голға да нәтижелі пас берді.
Испания құрамасы: Унаи Симон («Атлетик Бильбао»), Педро Порро («Тоттенхэм»), Пау Кубарси («Барселона»), Эмерик Лапорт («Атлетик Бильбао»), Марк Кукурелья («Реал Мадрид»), Родри («Манчестер Сити»), Фабиан Руис (ПСЖ), Дани Ольмо, Ламин Ямаль (екеуі де – «Барселона»), Алекс Баена («Атлетико Мадрид»), Микель Оярсабаль («Реал Сосьедад»).
Аргентина құрамасы: Эмилиано Мартинес («Астон Вилла»), Гонсало Монтьель («Ривер Плейт»), Кристиан Ромеро («Тоттенхэм»), Лисандро Мартинес («Манчестер Юнайтед»), Николас Тальяфико («Лион»), Энцо Фернандес («Челси»), Алексис Макаллистер («Ливерпуль»), Николас Гонсалес («Ювентус»), Родриго де Пауль, Лионель Месси (екеуі де – «Интер Майами»), Хулиан Альварес («Атлетико Мадрид»).






