Қай істің де берекесі – адал еңбек пен табандылықта. Қызылордада өз кәсібін дөңгелентіп, жергілікті өндірістің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – «Адал Ас» сауда белгісімен жартылай дайын тағамдар мен кондитерлік өнімдер өндіретін жеке кәсіпкер Бибігүл Қожабергенқызы. Бір кездері өз үйіндегі шағын бөлмеден басталған іс бүгінде тәулігіне жүздеген келі өнім шығаратын, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған өндіріс орнына айналды.
Бұл табысқа жету – бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес. Оның артында үздіксіз ізденіс, тәуекелге бару, сападан айнымай еңбек ету және мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпті бастау туралы ой аяқастынан келген жоқ.
‒ Біз ең алдымен облыс нарығын жан-жақты зерттедік. Қайта өңдеу саласының болашағын бағамдадық. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар, жеңілдетілген несиелер кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік берді. Сонымен бірге жартылай дайын тағам өндірісі ‒ халыққа әрдайым қажет, сұранысы тұрақты бағыттардың бірі. Осы мүмкіндіктердің бәрін саралай келе дәл осы саланы таңдадық, ‒ дейді Бибігүл Қожабергенқызы.
Осылайша 2020 жылы кәсіпкер өз үйіндегі бір бөлмені шағын өндіріс орнына айналдырып, жартылай дайын тағамдар шығаруды бастайды. Алғашқы уақытта өндіріс көлемі үлкен болмағанымен, әр өнімге жауапкершілікпен қарап, сапаны бірінші орынға қою кәсіптің алға жылжуына негіз болды. Тұтынушылардың сенімі артып, өнімге деген сұраныс көбейген сайын өндірісті кеңейту қажеттілігі де туындады. Бұл кезеңде кәсіпкер мемлекеттік қолдау тетіктеріне жүгінді. 2021 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен 9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, толыққанды өндірістік цехтың жұмысын бастады. Жаңа құрал-жабдықтар алынып, өндіріс көлемі ұлғайды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылды. Алайда өндірісті кеңейту тек қаржы мәселесімен шектелмейді. Тамақ өндірісінің өзіндік жауапкершілігі, технологиялық талаптары бар.
‒ Бұл салада қиындық барлық кезеңде кездеседі. Өйткені тамақ өндірісі өте жауапты жұмыс. Әр өнімнің сапасын бақылау керек, шикізаттың балғындығын күн сайын тексеру қажет. Бірақ біз үшін ең үлкен мәселенің бірі ‒ тәжірибелі технолог мамандардың тапшылығы болды. Әсіресе тағам технологиясы мен тағам химиясы саласындағы мамандар аз еді. Сондықтан жаңа технологияларды игеру үшін Ираннан арнайы технолог мамандарды шақырып, олардың тәжірибесін өндірісімізге енгіздік, ‒ дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, осындай ізденістің арқасында кәсіпорын өндіріс мәдениетін қалыптастырып, өнім сапасын жаңа деңгейге көтере алды. Кәсіптің дамуындағы келесі маңызды кезең 2025 жылға тұспа-тұс келеді. Нарықтағы сұраныс артып, кәсіпкер өнім түрлерін көбейтуге бел буады. Осы мақсатта «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 12 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдейді. Бұл қаражатқа кондитерлік цехқа қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, өндірістің жаңа бағыты іске қосылды. Соның нәтижесінде бүгінде кәсіпорын жартылай дайын өнімдермен қатар кондитерлік өнімдердің де кең түрін шығарады. Қазіргі таңда өндіріс орнында тәулігіне 500 келіден астам жартылай фабрикат өнімдері және 150-200 келіден астам кондитерлік өнімдер өндіріледі. Дайын өнімдер Қызылорда қаласындағы және облыс аудандарындағы ірі супермаркеттер мен сауда орындарына жеткізіліп, тұтынушылардың сұранысына ие болып отыр. Кәсіпкердің пікірінше, өндірістің тұрақты дамуының бір ғана кепілі бар. Ол ‒ сапа.
‒ Біз үшін сапа ‒ ең бірінші қағида. Сондықтан өндірісте арнайы тәжірибелі технолог жұмыс істейді. Әр өнім бірнеше кезеңдік бақылаудан өтеді. Сонымен қатар тұтынушылармен әрдайым байланыстамыз. Айтылған әрбір ұсыныс пен орынды сын біз үшін маңызды. Өйткені сапаны арттыру ‒ ешқашан тоқтамайтын жұмыс, ‒ дейді Бибігүл Қожабергенқызы. ‒ Өндірістің кеңеюімен бірге жұмысшылар саны да артты. Бүгінде мұнда 20 адам тұрақты еңбек етеді. Кәсіпкер ұжым қалыптастыруда кәсіби біліктілікпен қатар жауапкершілік пен тазалыққа ерекше мән беріледі. Біздің сауда маркамыздың өзі ‒ «Адал Ас». Сондықтан қызметкерлерден ең алдымен тазалықты, жауапкершілікті талап етеміз. Жаңадан келген мамандардың барлығы арнайы оқытудан өтеді. Оларға өндірістегі ішкі стандарттар мен сапа талаптары толық түсіндіріледі. Бұдан бөлек, сырттан технолог мамандар шақырып, жаңа өнімдердің технологиясын меңгертеміз. Өйткені өндіріс үнемі жаңарып, дамып отыруы тиіс.
Бүгінде «Адал Ас» атауы өңір тұрғындарына жақсы таныс. Кәсіпорын өнімдерінің сұранысқа ие болуының басты себебі де осы тұрақты сапаға деген ұстаным болса керек. Бибігүл Қожабергенқызы бизнестің бүгінгі деңгейге жетуіне мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың ықпалы зор болғанын ерекше атап өтті.
‒ Жасыратыны жоқ, бизнесті дамытуда қосымша қаржыландырудың маңызы өте үлкен. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау саясатының аясында өңірде көптеген мүмкіндік жасалып отыр. Біз «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алдық, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетіктерін пайдаландық. Осындай қолдаудың арқасында кәсібімізді кеңейтіп, өндірісті жаңа деңгейге шығара алдық. Бұл ‒ мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған нақты қолдау, ‒ дейді кәсіпкер.
Бүгінде өндіріс орны тек табыс көзі ғана емес, өңір экономикасына үлес қосып отырған шағын өндірістік кәсіпорындардың біріне айналған. Дегенмен кәсіпкер жеткен жетістікті меженің соңы деп есептемейді. Алдағы жоспар да ауқымды.
‒ Кәсіптің өркендеуі тоқтаусыз дамумен қатар жүреді. Сондықтан алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтіп, цехтың қуатын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге жаңа өнім түрлерін шығарып, тұтынушыларға тың ұсыныстар ұсыну ‒ басты мақсатымыздың бірі, ‒ дейді Бибігүл Қожабергенқызы.
Өз кәсібін бастауды армандайтын жандарға, әсіресе үй жағдайында еңбек етуді көздейтін қыз-келіншектерге айтар ақылы да қарапайым әрі өмірлік тәжірибеден туған.

‒ Егер нақты бір кәсіпті бастауды мақсат етсеңіз, тәуекелге барып, алғашқы қадамды жасаудан қорықпаңыз. Әрине, алдымен нарықты зерттеп, сұранысқа ие өнімді анықтау қажет. Бірақ қандай кәсіппен айналыссаңыз да, еңбектенуден жалықпау керек. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, тұтынушының сеніміне ие болу маңызды. Ал ең бастысы ‒ қандай өнім шығарсаңыз да, сапаны ешқашан екінші орынға қоймаңыз. Сапа ‒ кез келген кәсіптің ең үлкен капиталы, ‒ дейді кәсіпкер.
Үйдегі шағын бөлмеден басталған іс бүгінгі күні өңірге танылған өндіріс орнына айналып отыр. Бұл ‒ еңбекке адалдықтың, ізденістің және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі. Осындай кәсіпкерлердің табысты тәжірибесі өңірде өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беріп қана қоймай, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да сенім мен жігер сыйлайтыны анық.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





