«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Каспий теңізінде круиздік туризмді дамытуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ұсынысты Kazakh Tourism өкілі туризм бойынша Түркі кеңесі жұмыс тобының 13-ші отырысында көтерді. «Түркі елдерінің ортақ туристік бағыттарын қолдануда әлі де егжей-тегжейлі талқылайтын мәселелер бар. Мысалы, Әзербайжан мен Түркия бірге әзірлеген ортақ өнімін туристерге сата алады. Ал Әзербайжан-Түркия және Қазақстан-Қырғызстан елдеріне арналған бағдарлама – өте күрделі және бұл өнім туристік нарықта өтпеуі мүмкін. Сондықтан, іс жүзінде туристерге ыңғайлы өнімдерді әзірлеуге мән берген жөн», – Тимур Дүйсенғалиев Астанада Hilton қонақ үйінде өткен кездесуде. Оның айтуынша, Каспий теңізі круиздік сапардың жаңа бір орталығы бола алады. «Егер Әзербайжан-Қазақстан тізбегін алсақ, Каспий бойынша круиз ұйымдастыру тиімді. Бұл жоба нарықта сұранысқа ие болар еді, себебі Таяу Шығыс жақын орналасқан. Және оған көршілес Ресей, Иран, Түркменстанды да шақыруға болады. Қазіргі уақытта ТМД азаматтары круиз сапары үшін Жерорта теңізіне барып жүр. Сондықтан, жақын орналасқан Каспий теңізі де круизді дамытудың бір орталығы бола алады», – деді Тимур Дүйсенғалиев.
Айта кетейік, 8 тамыз күні Астанада Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің туризм министрлерінің төртінші жиыны өтеді. Тараптар «Түркі кеңесі – заманауи Жібек жолы» бірлескен туристік өнімінің жобасын іске қосу мен коммерциялық жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын талқылайды. Сонымен бірге, кездесу барысында Заманауи Жібек жолы бойынша бірлескен тур жөніндегі деректі фильмнің таныстырылымы өтеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<