Кенеден келер кесір көп

632

0

Сурет ашық дереккөз

Күн жылынды дегенше түрлі ауру-сырқаудың да өршитіні белгілі. Әсіресе, бас көтерген кенелер адам өміріне өте қауіпті. Осы орайда жыл сайын ерте көктемнен бастап кенемен күрес жұмыстары тиісті мамандар тарапынан атқарылады. Алайда, әзірге кенеден келер кесірдің мүлдем жолын кесу мүмкін болмауда. Мұны мамандарымыз да жасырмайды. Биыл да міне, көктем түсіп, табиғат жылынып келеді. Кене шаққаннан болатын аурудың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы.

Ол аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жататын табиғи ошақтық ауру болып табылады. Бұл аурудың туындауы, тіркелуі, таралуы тікелей иксод кенелерінің табиғатқа шығуы мен белсенділігіне тікелей байланысты. Яғни, аталған ауруды тудыратын иксод кенелері жылы қанды организмнің қанымен қоректенетін болғандықтан, адамдар мен жануарларға аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырып, зиянын тигізуде. Кене адам ағзасының температурасын 100 метр қашықтықта сезеді, жүру жылдамдығы 5-7см/с, қоректенуі тәулігіне – 200 мг. қан, ал қорексіз кене бірнеше жыл тіршілік етеді. Кенелер қора-жайларда, қи қоқыста, құс ұясында, тышқан інінде, өсімдік түбінде болады. Аналығы 5-18 мыңға жуық жұмыртқалайды. Кенелер жұқпалы індет вирустарын 25 ай сақтайды. Алғаш рет бұл індет 1944 жылы Қырымда шөп шабумен айналысқан тұрғындар арасында тіркелген, бұл инфекция қоздырғышын 1945 жылы М.Чумаков анықтаған. Ал 1956 жылы Африкада (Конго) Қырым қызбасына ұқсас індет тіркелген және алғашқы анықталған вируспен жақындығы дәлелденген. Сондықтан осындай ауруды Қырым Конго қызбасы деп атау ұсынылған.

Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқандықтан, біздің өңір аталған аурудың табиғи ошағы саналады. Осы орайда медицина маманы ретінде кене шаққанда есте сақтайтын қағидаларды ескерте кеткенді жөн көремін. Мәселен, улы жәндік денеге қадалып тұрса, онда терідегі кенені сықпаған жөн. Себебі, кене ішінде вирустар мен патогенді организмдер бар денедегі ашық жаралар немесе сәл тыртықтар арқылы жұғады. Сондай-ақ, шағып тұрған кенені бірден жұлуға болмайды. Өйткені, жұлу кезінде кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына таралып, өміріне қауіп төндіреді. Ал шағып тұрған кенені алу үшін тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау немесе дәрігерге қаралу қажет. Тиісінше, кенені алғаннан кейін де әркім өз денсаулығына ұқыппен қарағаны абзал. Егер ауру белгілері біліне қалған, яғни, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және әлсіздік байқалған жағдайда дәрігерге қаралуы тиіс.

Нұржан Құдайбергенов,

№ 3 қалалық емхананың

медициналық жедел жәрдем көрсету бөлімшесінің

фельдшері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<