КИЕЛІ ЖЕРЛЕР ГЕОГРАФИЯСЫ – БІРЕГЕЙ ЖОБА

1314

0

КИЕЛІ ЖЕРЛЕР ГЕОГРАФИЯСЫ – БІРЕГЕЙ ЖОБА Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада облыс­тық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы тобының отырысы өтті. Жиынға «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы қатысып, аталған жоба аясында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысынан хабардар етті.

Жиын барысында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын жасау жобасының аясында облыстағы музейлер, архивтер және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесімен етене байланыста жұмыс жасап, Сыр өңірі бойынша  анықталған жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарды ғылыми тұрғыда терең зерттеуді жалғастыру жайы талқыланды. Бұл тұрғыда аталған жобаны жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы топ мүшелері өз ойларын ортаға салып, Сыр өңірі бойынша соңғы анықталған қасиетті нысандарды қосымша енгізуді ұсынды.

 Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.Кәрібозов, ақын, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Ш.Әбдікәрімов, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы С.Қосанов, облыстық музейдің ғылыми хатшысы А.Сайлау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің директоры С.Көзейбаев қасиетті нысандарды анықтау барысында кездескен қиындықтарға қарамай, жұмысшы тобының жеткен жетістігін атап өтті. Ендігі кезекте ескерткіштердің тарихи маңызы айрықша айтылып, зерттеуді қажет етіп тізімге енбей қалған нысандарды кітапқа кіргізу мәселесі назарға ұсынылды.

Сондай-ақ, жиында облыстық музейдің «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша ұйым­дастырған «Сыр өңірінің қасиетті орындары» атты теле­экспедициясының І және ІІ кезеңі бойынша атқарылған шаралар жайлы баяндалып, алдағы жоспарлар нақтыланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<