Әлем көмірден бас тарту жолын іздеп жатқанда Қазақстан үшін бұл мәселе әлі де өзекті. Себебі елдегі электр энергиясы мен жылудың негізгі бөлігі көмірден өндіріледі. Сондықтан «жасыл» энергетикаға көшу мен энергетикалық қауіпсіздікті сақтау арасындағы тепе-теңдік маңызды міндетке айналды. Көмірдің бүгінгі және болашақтағы рөлін сарапшылармен бірге саралап көрдік.
Көмір және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі
Елімізде көмір мәселесі ең алдымен экологиялық емес, энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырылады. Өйткені елдегі электр энергиясының негізгі бөлігі көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларында өндіріледі, ал қалаларды жылумен қамтамасыз ету жүйесі де ЖЭО жұмысына тікелей тәуелді.

Соңғы жылдары экономика құрылымы өзгеріп, энергия тұтынушыларының жаңа санаты қалыптасып келеді. Бұрын негізгі жүктемені дәстүрлі өнеркәсіп салалары көтерсе, қазір оларға дата-орталықтар, цифрлық инфрақұрылым нысандары және үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істейтін кәсіпорындар қосылды. Бұл өз кезегінде энергия жүйесіне қойылатын талаптарды күшейтуде. Энергетика министрінің кеңесшісі Әсел Серікпаеваның айтуынша, электр энергиясына деген сұраныс алдағы жылдары да өседі.
– Өзгерістер айқын. Бұрын негізгі жүктемені дәстүрлі өнеркәсіп салалары қалыптастырса, қазір оларға жаңа тұтынушылар қосылып жатыр. Мұндай нысандар үшін электр энергиясының үздіксіз берілуі аса маңызды. Сондықтан біз қазір он немесе он бес жылдан кейін не болатынын ойлауымыз керек. Кез келген ірі электр станциясы бір жылда салынбайды. Егер тапшылық туындаған сәтті күтіп отырсақ, тым кеш болады. Сондықтан қазір бір мезетте қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа жобаларды дайындау қатар жүргізілуде, – дейді ол.
Осы себепті көмірдің энергетикалық жүйедегі рөлі әзірге сақталып отыр. Сарапшылар мұны ресурстық артықшылықтан бұрын объективті қажеттілік деп бағалайды.
– Қазақстанда көмірдің ірі қоры бар, өндіру базасы жұмыс істеп тұр және инфрақұрылым дамыған. Сондықтан жақын перспективада көмірден толық бас тарту қиын. Бүгінде ол ауа райына тәуелсіз, тәулік бойы жұмыс істейтін базалық генерация көзі. Бірақ энергетика құрылымы біртіндеп өзгеретінін ұмытпау керек. Газ, атом және жаңартылатын энергия көздері дамыған сайын көмірдің үлесі азаяды. Бұл мақсатта «таза көмір» технологияларын енгізу қарастырылуда. Ол шаңды ұстап қалу, шығарындыларды азайту және көмір станцияларының тиімділігін арттыру шешімдерімен қабыса жүреді, – дейді Әсел Серікпаева.
Бұл ретте мемлекет көмірден бірден бас тартуды емес, энергетикалық жүйені кезең-кезеңімен өзгерту стратегиясын таңдаған. Ал мұндай трансформацияның негізгі бағыттары 2035 жылға дейінгі жоспарларда көрініс тапқан.
2035 жылға дейінгі баланс
Қазіргі таңда Қазақстан көмір энергетикасын толық тоқтату емес, оны жаңғырта отырып, жаңа генерация көздерін қатар дамыту бағытын ұстанып отыр. Негізгі мақсат – энергетикалық қауіпсіздікті сақтай отырып, энергия көздерін әртараптандыру.

2035 жылға қарай елдің энергетикалық балансында айтарлықтай өзгерістер болуы тиіс. Жүйеге газ, атом, жел және күн энергетикасы негізіндегі жаңа қуаттар енгізіледі.
Әсел Серікпаеваның айтуынша, бұл процесте әр энергия көзінің өз міндеті бар.
– Ең алдымен – газ энергетикасы. Бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр, олар аймақтардың энергиямен қамтамасыз етілуін күшейтеді. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға көшіру – ерекше маңызды жоба. Бұл ауасының сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар жаңартылатын энергия нысандары салынып, қолданыстағы станциялар жаңғыртылуда. Болашақта энергетика құрылымы әртараптана түседі. Көмірдің үлесі азайып, газ, жаңартылатын энергия және атом энергетикасының рөлі күшейеді. Бірақ ең бастысы – сенімділік. Қандай технология болса да ол халық пен экономиканы тұрақты энергиямен қамтамасыз етуі керек, – дейді ол.
Осы бағытта ескірген көмір станцияларын жаңарту және жаңа қуат блоктарын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 8 трлн теңгеден асады. Нәтижесінде энергетикалық жүйеге шамамен 7,6 ГВт жаңа қуат қосылады.
Сонымен қатар Көкшетау, Семей, Өскемен, Курчатов және Екібастұз қалаларында жаңа жылу электр станцияларын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар әсіресе солтүстік және шығыс өңірлердегі энергия тапшылығын азайтуға бағытталған.
Дегенмен энергетикалық баланстың өзгеруі көмірдің экономикадағы рөлін бірден әлсіретпейді. Керісінше, қазіргі көрсеткіштер бұл саланың жақын жылдары да маңызды болып қала беретінін көрсетеді.
Өндіріс пен жаңа жобалар
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарында. Елдегі расталған қор көлемі шамамен 33–34 млрд тоннаға бағаланады.

Көмір өндіру көлемі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Өткен жылы өндіріс көлемі 115,9 млн тоннаға жетсе, биыл бұл көрсеткішті 128,9 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Өндірілген көмірдің негізгі бөлігі ішкі нарықта тұтынылады. Шамамен 86 млн тоннасы электр станциялары мен өнеркәсіп кәсіпорындарына жіберіледі. Ал экспорт көлемі жылына 30 млн тоннаға жуықтайды.

Салаға тартылатын инвестиция көлемі де артып келеді. Егер өткен жылы инвестициялар 305 млрд теңгені құраса, алдағы жылдары бұл көрсеткіш 553 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Сонымен бірге геологиялық барлау жұмыстары кеңейтіліп, жаңа перспективалы учаскелер игерілуде.
Негізгі өндірістік бассейндер – Екібастұз, Қарағанды, Шұбаркөл, Майкөбен және Қаражыра кен орындары. Ірі компаниялар өндіріс көлемін ұлғайту жоспарын жариялап үлгерді. Мәселен, «Богатырь Көмір» 2032 жылға қарай өндірісті 56,5 млн тоннаға дейін жеткізуді көздесе, «Қаражыра» кен орнында өндіріс көлемі 73 пайызға артып, 14,2 млн тоннаға жетуі мүмкін.
Бұл көрсеткіштер көмірдің Қазақстан экономикасы үшін әлі де маңызды ресурс екенін көрсетеді. Алайда сарапшылар саланың болашағын тек өндіріс көлемімен бағалауға болмайтынын айтады.
Жүйелі трансформация қажет
«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, еліміздің еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің пікірінше, Қазақстан үшін басты міндет – саланы тиімді әрі экологиялық тұрғыдан жаңғырту.
– Көмір – ішкі ресурс. Қазақстанда көмірдің елеулі қоры бар, өндірістік база, логистика, кадрлар және инфрақұрылым қалыптасқан. Бұл сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады. Бірақ бұл сала өзгеріссіз қалуы керек деген сөз емес. Басты міндет – көмір генерациясын жаңғырту, тиімділікті арттыру және экологиялық технологияларды енгізу, – дейді ол.

Сарапшы халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайында сол күйінде көшіру мүмкін емес екенін атап өтеді.
– Қазақстанды көмірден жылдам бас тартқан елдермен салыстыруға болмайды. Бізде климаттық жүктеме жоғары, аумақ кең, желілер ұзақ қашықтыққа созылған. Ал Еуропа елдерінің артықшылығы – импорт, газ инфрақұрылымы және қаржылық мүмкіндіктер. Бізде мұндай база толық қалыптаспаған, – дейді Жақып Хайрушев.
Оның айтуынша, газ генерациясы, жаңартылатын энергия көздері мен болашақтағы атом энергетикасы маңызды рөл атқарғанымен, олардың әрқайсысының өзіндік шектеулері бар. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді сценарий – аралас энергетикалық модель қалыптастыру.
Алайда көмірдің болашағы туралы пікірталас тек энергетикалық қауіпсіздікпен шектелмейді. Бұл мәселе елдің климаттық міндеттемелерімен де тікелей байланысты болып отыр.
Климат пен көмір: декарбонизация жолындағы таңдау
Қазақстан 2016 жылы Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жариялады.

Эколог Азаматхан Әміртайдың айтуынша, қазіргі кезеңде елдегі саясат негізінен шығарындыларды қысқартуға бағытталған.
– Қазір көбіне тек шығарындыларды азайтуға бағытталған шаралар жүргізілуде. Бірақ бұл түбегейлі трансформация емес. Сондықтан ынталандыру тетіктері қажет, – деп санайды ол.
Экологтың пікірінше, ірі өндіріс орындары экологиялық жаңғыртуға басымдық беруі тиіс.
– Ел энергетикасының шамамен 80 пайызы көмірге тәуелді. Президент айтқандай, көмірден толық бас тарту емес, оны экологиялық тұрғыда тиімді пайдалану басты бағыт болуы керек. Мысалы, АҚШ-тағы Чикаго қаласындағы ірі жылу электр орталығы көмірмен жұмыс істегенімен, заманауи сүзгі жүйелері арқылы атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды айтарлықтай төмендеткен, – дейді Азаматхан Әміртай.
Оның пікірінше, мұндай тәжірибе Қазақстан үшін де өзекті. Мысалы, Алматыдағы ЖЭО-2-ні толық жабудан гөрі оны экологиялық технологиялармен жабдықтау белгілі бір жағдайда тиімді шешім болуы мүмкін.
Шахтадағы әулет
Көмірдің экономика мен энергетикадағы рөлі туралы айтқанда, оның әлеуметтік маңызын да ұмытпау керек. Бұл салада мыңдаған адам еңбек етеді, ал кейбір өңірлердің өмірі тұтастай көмір өнеркәсібімен байланысты.

Мәселен, Қарағанды облысындағы көмір өндірісі бірнеше буыннан тұратын еңбек әулеттерін қалыптастырған. Солардың бірі – «Шахтинская» шахтасында еңбек ететін Чернобайлар отбасы. Әулеттің жалпы шахтерлік еңбек өтілі 150 жылдан асады.
Сергей Петрович Чернобайдың ата-анасы да, ағалары да көмір өндіру саласында жұмыс істеген. Өзі 40 жылдан бері шахтада еңбек етеді. Қазір конвейерлік көлік учаскесінің бастығы қызметін атқарады. Оның кіші ұлы Юрий де осы шахтада еңбек етеді.
– Міндетім – конвейерлердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Бала кезімнен шахтер болатынымды білдім. Тау-кен политехникалық колледжін бітіріп, шахтаға жұмысқа келдім. «Шахтинскаядағы» еңбек өтілім – 15 жыл, – дейді Юрий Чернобай.
Отбасының тағы бір мүшесі Наталья Чернобай да шахтада 20 жылдан бері еңбек етеді.
– Біз көмірді 350 метрден астам тереңдіктен көтереміз. Бір скипке 17,5 тонна көмір сыяды. Қуатты қосып, тежеуді басқарамыз, – дейді ол.
Чернобайлар отбасының тарихы көмір саласының Қазақстандағы әлеуметтік маңызын айқын көрсетеді. Сондықтан энергетикалық ауысым мәселесі тек технология немесе экология туралы емес, мыңдаған адамның жұмысы мен тұтас өңірлердің болашағы туралы да мәселе болып отыр.
Аралас модельдің артықшылығы
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін көмірден жедел бас тарту ең тиімді шешім емес. Керісінше, энергетикалық жүйені кезең-кезеңімен трансформациялау әлдеқайда қауіпсіз жол.
– Егер көмір станциялары жаңа базалық және маневрлік қуаттар енгізілгенге қарағанда жылдамырақ шығарылатын болса, энергетикалық жүйе қымбат көздерге, импортқа немесе авариялық режимдерге тәуелді болады. Бұл өз кезегінде тарифтерге әсер етеді. Әсіресе энергияға тәуелді өнеркәсіп салалары үшін мұның маңызы зор, – дейді Жақып Хайрушев.

Оның айтуынша, көмір үлесін азайту жаңа қуаттарды алдын ала іске қосу, желілерді жаңарту, энергия сақтау жүйелерін дамыту және әлеуметтік қолдау тетіктерін енгізумен қатар жүруі тиіс.
– Көмір аймақтарын тек өндірісті қысқарту нысаны ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – жұмыс орындары, кәсіпорындар, бюджет және әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасқан тұтас экономикалық жүйелер. Сондықтан өтпелі кезең алдын ала жоспарлануы керек, – деп есептейді спикер.
Сарапшылардың айтуынша, алдағы 15 жылда көмір Қазақстан энергетикасында маңызды рөлін сақтайды. Алайда оның үлесі біртіндеп төмендейді. Көмір базалық генерация ретінде қала отырып жаңғыртылады, ал ескі қуаттар кезең-кезеңімен жаңаларымен алмастырылады. Бұл үдерісте газ бен атом энергетикасы негізгі толықтырушы рөл атқарып, ВИЭ үлесі тұрақты түрде өсуі мүмкін.
Шынар Бекбан






