Қызылордада тағылымы терең әдеби кеш өтті. Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханадағы іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әкім Ысқақтың «Өлімді жеңген махаббат» және «Алтыным» шығармаларының қарақалпақ тіліндегі аудармалары көпшілікке жол тартты.
Кештің шымылдығы сырлы әуенмен ашылып, жиналған жұртты бір сәтке өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірге жетелегендей әсер қалдырды. «Сөз – халықтың жаны» дегендей, қаламгер туындыларының басқа тілде сөйлеуі ұлт руханиятының өрісі кеңейгенінің айқын көрінісі болды.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, қаламгер еңбектерінің жас ұрпаққа тағылым, ұлтқа рухани қазына екенін атап өтті. Ә.Ысқақтың шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, талай жанға үміт отын сыйлап келеді.

Кешке жиналған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қарақалпақстан, Петропавл, Астана, Алматы, Шымкент және Түркістаннан арнайы келген делегациялар рухани шараның мәнін арттыра түсті. Кітаптардың мазмұны мен маңызы туралы толымды пікір білдіріп, қазақ пен қарақалпақ әдеби байланысының нығая түскенін ерекше атап өтті.
Жазушы шығармашылығы кеңінен таныстырылып, «Өлімді жеңген махаббат» туындысының арқауына айналған қызылордалық ақын, әуесқой сазгер Қайратбек Бақбергеновтің тағдыры туралы тебіреніске толы ойлар айтылды. Оның шынайы махаббатқа толы ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ал көпшілікке кеңінен танымал «Алтыным» кітабының бірнеше тіліне аударылуы қазақ сөзінің әлемге жол тартқанын айғақтайды.
Салтанатты жиынның соңында кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтіп, оқырман қауым жаңа туындылармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Бұл – тек кітап таныстыру ғана емес, рухани үндестіктің, бауырлас халықтар арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісі.
Айта кетейік, тұсаукесерге келген делегация аймақтың тарихи-мәдени келбетімен танысты. Қонақтар қаланың жаңарған келбетін айшықтайтын сәулетті нысандарды аралап, өңірдің бай мұрасы мен қарқынды дамуына жоғары баға берді.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





