Қызылорда қаласындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде танымал жас ақындармен кездесу өтті. Шараға мектеп мұғалімдері мен жазуға жаны құштар оқушылар қатысты.
Кеш қонақтары – Мәдениет саласының үздігі, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, Қызылорда «Жастар» театрының директоры, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр мен «Күміс домбыра» иегері, айтыскер ақын, аталған театрдың әдеби қызметкері Бексұлтан Орынбасар жастар театры туралы, сондай-ақ айтыс өнеріндегі қызықты, тәлімді оқиғаларды ерекше ықыласпен баяндап берді.

Ақындық өнерді ғана емес, әңгіме айту шеберлігін, шешендік өнерді меңгерген Н.Мансүр мен Б.Орынбасар көрерменді кең тыныстатып, қошеметке бөленді. Әңгіме арасында жыр-термеге де кезек берілді.
Жастардың көркем әдебиет пен өнерге құлшынысын, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткен рухани-танымдық кездесуде оқушылар белсенділік танытты. Балалар өздерінің тырнақалды туындыларын оқыса, республикалық мүшайраның жүлдегері, Ергеш Үсенбаевты еске алуға арналған облыстық ақындар мүшайрасының І орын иегері, тарих пәнінің мұғалімі Данияр Уәлиев өз шығармашылығы жайлы қысқаша айтып, соңғы кезде жазған жырларын оқып берді.
Шараға қатысушылар қонақтарға өмір жайында, театр мен ақындық өнер жайында сұрақтар қойып, жауап алды. Кеш сонында қонақтар әдемі кеш ұйымдастырған мектеп-лицейдің ұжымына алғысын білдірді.
Сандуғаш РАМБЕРДІ,
№264 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<