Коронавирус: Нұр-Сұлтандағы 7 науқастан қандай белгілер байқалды

251

0

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова 19 наурыз күні анықталған 7 науқас туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Олардың біреуі 18 наурызда инфекция жұқтырған науқаспен байланыста болған адам ретінде стационарға түскен және 19 наурызда өз бойынан да инфекция табылған. «Ауруханаға түскен тағы 6 науқас та жақын байланыста болғандар тобынан. Олардың үшеуінде тамақтың жыбырлауы, құрғақ жөтел сынды белгілер байқалған. Екі адамда субфебрильді дене қызуы болған. Қазіргі уақытта барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Дене қызуы қалыпқа түсті. Оларды дәрімен емдеу диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес жүргізілуде», – деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингіде. Сәуле Қисықованың айтуынша, соңғы 7 оқиға бойынша байланыста болған адамдар және отбасы мүшелері анықталып, 30 адам ауруханаға жатқызылған. Байланыста болуы ықтимал адамдар үй карантиніне жабылды. «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тіркелген барлық 25 жағдай бойынша жақын байланыста болған 244 адам Нұр-Сұлтан мен өзге өңірлердегі ауруханаларға жатқызылды. 327 адам үй карантинінде жатыр, оларға күн сайын медициналық мамандар хабарласып тұрады», – деді С. Қисықова. Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда корнавирус жұқтырғандардың басым бөлігі 30-49 жас аралығында екенін мәлімдеген еді. Еске сала кетсек, Қазақстанда қазір 49 коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелген. Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам, Нұр-Сұлтанда – 25 адам тіркелген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<