Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов кәсіпкерлікке кең қолдау көрсету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтып, кеңінен түсіндіріп берді.
Жер учаскесін алуға мүдделі тұлға кәсіпкерлік мақсат үшін жер учаскесін сұраған кезде ең алдымен қалалық жер бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөлімі жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану мүмкіндігін анықтайды. Егерде, сұралған жер нысаналы пайдалану жағдайына сәйкес келетін болса, әкімдік немесе әкім сұралған жердің сауда-саттық арқылы берілетіндігін айтып, тікелей бере алмайтындығы мазмұнында шешім шығарады. Сол шешім шығарған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде сауда-саттық өткізілетін болады.
Брифингте Қанат Нұрманов жер заңнамасына сәйкес елді мекендер жерлері 4 функционалдық аймаққа бөлінетінін, осыған сәйкес, егерде кезінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесінің нысаналы мақсатын коммерциялық мақсатқа ауыстырғыңыз келсе және де ол жер коммерциялық функционалдық аймақта орналасса, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
Биыл «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, жол картасы ұсынылған болатын. Онда кәсіпкерлерге жер учаскесін беру бойынша регламенттер әзірлеу тапсырылды. Нәтижесінде, регламенттерде кәсіпкерлер үшін жер учаскесін рәсімдеудің мерзімдері қысқартылған және бизнес процесі біршама оңтайландырылып отыр.
Бұрын қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес жер учаскесін рәсімдеу (өтініш бергеннен бастап жер актісін тіркегенге дейін) 110-150 күнтізбелік күнді құраса, ал қазір 29 жұмыс күні ішінде жүзеге аспақ. Бүгінде барлық регламенттер қала және аудандар әкімдіктеріне жұмыс жасау үшін жолданған. Сонымен қатар оларды цифрландыру жүйесіне көшіру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Жер саласын цифрлық жүйеге көшіру бойынша Қызылорда облысы Алматы және Астана қалаларынан кейінгі «пилоттық облыс» болып бекітілді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<