Латын графикасына негізделген жаңа емле сынамасы Қызылордада жалғасты

606

0

Латын графикасына негізделген жаңа емле сынамасы Қызылордада жалғасты Сынаққа қатысушылардың жаңа әліпби жобасына деген қызығушылығы жоғары болды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қызылордада латын графикасына негізделген жаңа емле ережелер жобасын сынамадан өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Қызылорда облыстық және қалалық әкімдік ғимаратында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, директордың орынбасары Лиза Есбосынова, әдістеме бөлімінің ғылыми қызметкері Марияш Дәрменова, орфография бөлімінің ғылыми қызметкері Алмажан Қадырхан сынақ сауалнама жүргізді.
Сондай-ақ, сынақ сауалнама алушылар мен бірге Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыс тобының жетекшісі, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС-нің атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Боранбай сынамаға қатысушылар алдында Қазақ әліпбиін латын графикасына көшудің маңыздылығын ғылыми негіздерге сүйене отырып түсіндірді.
«Елімізде латын графикасындағы әліпбиге көшудің бірнеше себептері бар. Біріншіден, Елбасы атап өткендей, бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне нұқсан келтірілді. Ол мамандар тарапынан тәуелсіздік кезеңінде ғана ашық айтыла бастады. Жалпы әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңбамен береді. Мәселен, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңбамен, француз тіліндегі 35 дыбыс дәл осылай 26 таңбамен беріледі. Қазіргі кирилл графикасындағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 дыбысымыз 42 таңба арқылы берілген. Осыдан-ақ қолданыстағы осы әліпбидің тіл табиғатына қайшы екендігі көрініп тұр. Сонымен бірге, бұл әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінде кездеспейтін артық таңбалар бар. Латын графикасындағы жаңа әліпби бізді осындай қажетсіздік пен ыңғайсыздықтан арылтады», – деді Ербол Тілешов. Латын графикасына негізделген жаңа емле сынамасы Қызылордада жалғасты 
Сондай-ақ, ол түркі тілдес халықтардың сабақтастығы жолында, латын таңбалы әліпбидің маңызы зор екенін атап өтті.
«Екіншіден, дүниежүзіндегі түркі халықтарының 60 пайыздан астамы осы латын әліпбиінде. Қазір түркі тілдес халықтардың 7 дербес мемлекеті бар: Әзірбайжан, Кипр Түркия республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан. Осылардың Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы латын әліпбиінде. Яғни, Қазақстан ортақ түркілік әліпбилік жүйеден тыс тұр. Түркі халықтарының көне заманнан қалыптасқан мәдени-тарихи тамырластығын және осындай рухани қатынастың қазіргідей жаңа деңгейде дамып жатқанын ойласақ, онда Қазақ елінің өзге әліпбиде қала беруі осындай сабақтастық пен тамырластыққа қайшы келеді. Үшіншіден, халықаралық қауымдастықта Елбасы айтқандай, латын таңбалы әліпбидің маңызы зор», – деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты.
Сынақ барысында, латын әліпбиіне өтудің алғашқы сатысында кездесетін кейбір ерекшеліктер ортаға салынды.
«Қазақ әліпбиі латын графикасына көшкенде туындайтын кейбір қиындықтар бар. Олар – тұрақты емес, уақытша қиындықтар. Біріншіден, халықтың жаңа әліпбиге көз дағдысы мен қол дағдысы үйрену үшін белгілі бір уақыт қажет. Ол үшін ақпарат құралдарында насихат және машықтандыру жұмыстары жүргізіліп, бұқара халық жаңа әліпбиге тезірек бейімделуі қажет», – деді Ербол Тілешов.
Филология ғылымдарының кандидатының айтуынша, әр саладан маңызды әдебиеттер тізімі жасалуы тиіс.
«Екіншіден, кирилл әліпбиіндегі әдебиеттер жаңа әліпбиге көшірілуі де белгілі бір уақыттық межені тілейді. Ол үшін әр саладан ең маңызды делінген әдебиеттердің тізімі жасалынып, мемлекеттік тапсырыс бойынша сол әдебиеттердің шығарылуы қолға алынғаны абзал. Бұл арада бұрынғы кирилл әліпбиі мен жаңа қабылданған латын әліпбиінің бірнеше жыл қатар жүретінін де ұмытпауымыз керек. Ол жөнінде өз мақаласында Елбасы: «Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», деген еді. Үшіншіден, кейбір адамдар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшсек, мемлекеттік тілді үйрену қиындайды дегенді айтады, бірақ тіл үйренудің тікелей әліпбиге байланысты емес екендігін бүгінде ағылшын, қытай және басқа тілдерді үйреніп жатқан балаларымыз бен жастарымыздың тәжірибесі айқын аңғартып отыр», – деп ойын түйіндеді Ербол Тілешов.
Сынамаға Қызылорда облысының барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500 адам қатысты, оның ішінде басым бөлігі басқармалардың қызметкерлері.
«Жазуымыздың негізі болып табылатын латын графикасы негізделген емле ережелер жобасы сынамасы маңызды. Ол ел болашағы – бүгінгі жастардың дұрыс қалыптасуына, бəсекеге қабілетті маман болуына, сауатты ұрпақ ретінде өсуіне, сайып келгенде, əлемдік аренада сапалы қазақстандық тұлға ретінде өз орнын табуына үлкен сеп болатынына көзіміз жетті. Біз тарихи кезеңде өмір сүріп, еңбек етіп отырмыз. Біздің бүгінгі маңызды мемлекеттік қадамдарымыз ертеңгі күн қамы. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі əрбір саяси шешімнің ұлттық мəні зор, соның ішінде латын графикасы негізіндегі əліпбиіміздің орны бірегей. Сол үшін де бүгінгі сынама нәтежелері ертеңгі елеулі өзгерістерге, Һәм емле ережесінің алғашқы баспалдағы болары сөзсіз» – деді Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Лиза Есбосынова.
Сондықтан латын негізіндегі әліпби емлесінің соңғы нұсқасын жетілдіруде жастармен, тіл мамандарымен санасып, олардың ойын ескерудің негізі осы сынама қортынтысына байланысты. Өйткені, тілдің қандай болуы оның әліпбиіне тікелей байланысты. Сынаққа қатысқан қауым жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытты, олар өзара пікір алмасып, қызу талқылады.
Еске сала кетейік, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесін апробациялау басталғаны туралы осыған дейін айтқан едік.
Оқушылар тестілеуден өтіп, лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті.
Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын «Балдәурен» оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялауға қатысқан еді. Оқушылар тестілеуден өтіп, лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті. Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет. Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын таңдауды, сондай-ақ ұсынылған «дұрыс» және «икемді»деген сөздерді екі нұсқада жазуды ұсынады. Сондай-ақ, оқушылар өздеріне ұнаған нұсқадағы сөздерді және оларды латын қаріпінде де, кирилицада да жаза алады. Жинақтың соңғы парағы оқушылар өздерінің ескертулерін жазу үшін қалдырылған.
Сондай-ақ, жаңа емле ережелері сынамасы Қарағандыда өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарланған болатын. Сынамаға Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың қызметкерлері болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады» деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады.
Жазу – ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз. Оның айқын дәлелі бүгінгі латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері жобасын сынамадан өткізу болып табылады.
Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде де жалғасты. Сынамаға Өскемен, Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың қызметкерлері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<