МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР МЕЖЕСІ

413

0

МАҢЫЗДЫ  МӘСЕЛЕЛЕР МЕЖЕСІ Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Ауқымды жиында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстар сараланды.
Жиында алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова саланың дамуына тоқталып, биыл Сыр түлектері сенімге селкеу түсірмегенін айтып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары деңгейден Қызылорда қаласы көрінген. Балалардың білім деңгейі орташа 85,82 балл құрап (өткен жылы 82,4 балл) отыр. Ең жоғары 135 баллды Қазалы ауданының No249 мектеп-лицей түлегі Еркін Рат және Қызылорда қаласының No15 мектеп-лицей түлегі Абылай Жалғасбай иеленді. Мәліметтерге көз жүгіртсек, 1131 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған болса, 113 түлек шекті деңгейден өте алмаған.
 – Білім – болашаққа бағытталған инвестиция. Елдің ертеңгі тізгінін қолға алар жастардың қажетті білім алуы үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалуда. Осы қолдау нәтижесінде Сыр жастары халықаралық, республикалық білім додаларында топ жарып жүр. ҰБТ нәтижесі де былтырғыдан жоғары. Оның ішінде N4 облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының түлектері орташа 103,2 балл, No10 Білім инновация лицейі 100,3 балл, No9 Білім инновация лицейі 95,5 балл жинады. Ал, аудандар арасында Жалағаш көш бастады. Дегенмен, шекті деңгейден аса алмағандар жоқ емес. Оларға осы жылдың тамыз айында және 2019 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге, Қазанның «Иннополис» университетімен қызылордалық жастарды оқыту туралы келісім жасалды. Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен де ынтымақтастық орнатылуда. Биылдан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша облыс жаста-
рына магистратурада оқу үшін 20 грант бөлінгенін айта кету керек. Бұған қоса шілде айында облыс әкімдігі Астанада ЕвраАзЭС-тің парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның құрамына 3 институт, 4 факультет, 17 кафедра кіреді, – деді М.Тұрғанбайқызы.
Мәжілісте кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі де шет қалмады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Бақытжан Намаев бизнесті дамытуға, оның ішін­де стартап жобалар үшін несиелік ре­сурс­тарға қолжетімділік айтарлықтай же­ңіл­детілгенін тілге тиек етті. Расында, өңірде кәсіпкерлік өрісі кеңейген. Бүгінде кәсіпкерлік субьектілері 11%-ке көбейіп, аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде облыста 30 млрд теңгеден астам қаржыға 73 жоба жүзеге асырылыпты. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласындағы мобильдік қосымшалар мен «Open kasipker» сайты, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы толық ақпарат алуға болатын «Агробиржа» жобасы және электронды билет беру жүйесі мен аялдамаларға ақпараттық таблолар орнату бойынша пилоттық жоба басталған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес, әр жылда ин­но­вациялық грант та ұсынылады. Бұл жоғарыда аталған басқарма тарапынан ұйымдастырылады. Халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін бұл жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жалғасады.
Заманауи технологияның көмегімен қызмет сапасын жақсартып, оны электрондық форматқа ауыстыру да тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаева тарқатып айтты.
– Цифрландыру – жаңа дәуірге қадам. Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы облыстың барлық медициналық ұйым­дары кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін облыстың интернет пайдаланушы тұрғын­дарының 30%-ін мобильді қосым­шамен қамту жоспарланып отыр. Пациенттерді қабылдау «Дамумед» мо­бильдік қосым­шасы арқылы жүзеге асырылады. 1 шілдеден бастап медици­налық ұйым­дарды «Қағазсыз құжат­айналымға» көшіру бойынша жұмыстар басталды. Осылай­ша, жыл аяғына дейін 62 құжат элект­ронды форматқа ауыстырылады, – деді Б.Боранбаева.
Келесі кезекте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов аймақта құрылыс сала­сындағы отандық тауар өндіру­шілер­дің тізілімін тұрақты түрде жаңартып, оларды қолдау туралы ұсынысын жеткізді.
Келелі басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы бизнесті өркендету жо­лын­дағы жұмыс барысы қатаң бақы­­лауда болатынын қаперге салды. Әсіресе, жұмыссыз және өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған халықтың басындағы мәселені шешудің маңызын ерекше атап өтті. Аймақтың әлеуметтік-эко­но­микалық дамуын қамтамасыз ететін жұ­мыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<