Қазақстанда ветеринария саласындағы өкілеттіктер қайта бөлінеді

8

0

Фото: Ғайса Әбсатировтың жеке архивінен

Мәжіліс депутаттары ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында Кәсіпкерлік кодекс пен тағы бес заңға өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, енді эпизоотиялық ошақтарды тексеру мен лицензиялау функциялары қайтадан орталыққа қайтарылмақ.

— Жергілікті атқарушы органдардан эпизоотиялық ошақтарға тексеру жүргізу, эпизоотологиялық тексеру актілерін беру және ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау сияқты функцияларды Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің құзыретіне беруді көздеп отырмыз, — деді Нұржан Әшімбетов.

Сонымен қатар жергілікті әкімдіктерге мал қорымдары мен мал сою пункттерін салу, қайта жаңарту және оларды күтіп ұстау өкілеттігі беріледі. Ал ауру жануарлардың құнын өтеу және препараттар сатып алу функциялары республикалық мемлекеттік мекеменің қарауына өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін, ветеринарларға ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы төленетінін хабарлаған едік.