Өңірлік экологиялық саммитте Каспий теңізі мәселесі көтерілді

4

0

Фото: Аягоз Избасарова / Kazinform

Су деңгейі жылына 7-10 сантиметрге төмендеп барады. Бұл жөнінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) бас хатшысы Асад Маджид Хан Өңірлік экологиялық саммитте мәлімдеді.

– Каспий теңізі – экологиялық қазына ғана емес, сауда-саттық, энергия және жалпы өмір сүруге қажетті ресурстар үшін ауадай қажет күретамыр, – деді ол.

Маманның сөзінше, осындай маңызды су айдыны тартылып бара жатыр.

– 1990 жылдардың ортасынан бастап, су деңгейі екі метрге түскен. Жер серіктері арқылы жиналған деректерге сүйенсек, соңғы ондаған жылда жылына 7-10 сантиметрден төмендеп отырған. Қазақстанның өзінде cоңғы 20 жылда жағалау 30-35 шақырымға шегінген. Осындай фактілер мәселенің ушығып тұрғанын көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар мәселені шешу жолын ұсынды.

– Жуырда жүргізілген зерттеулер теңіз табанын дұрыс жолмен тереңдету порт инфрақұрылымының сапасын жақсартатынын көрсетті. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сауда және даму банкін және басқа да серіктестерді осы жұмыстарды кеңейту үшін қолдау білдіруге шақырамыз, – деді Асад Маджид Хан.