342 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды

279

0

Биылғы жылдың алғашқы алты айында облыс бойынша тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 342 болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі  көрсеткіштен 38%-ке төмен.

Дегенмен, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері 12-ден 17-ге көбейіп отыр. Осы кезеңде Әдеп жөніндегі кеңестің 7 отырысы өтіп, онда 35 мәселе қаралды. Оның 19-ы тәртіптік істер болса, қалғандары мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама бұзушылықтарының профилактикасы бағытындағы мәселелер. Тәртіптік істерді қарау нәтижесімен 14 қызметші әртүрлі жазаға тартылды.

         Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында Әдеп жөніндегі кеңестің атқарған жұмысына арналған брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев осындай деректер келтірді. Оның атап өткеніндей, Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзушылықтарын, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарын қараумен қатар мемлекеттік қызмет заңнамалары мен Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асырады. Осы мақсатта түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Шаралар барысында мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлық нормалары түсіндіріліп, Әдеп кодексінің қойын кітапшасы таратылуда. Онда мемлекеттік қызметшінің қызметтік қарым-қатынаста, жұмыстан тыс уақытта, қандай мінез-құлық таныту қажеттігі, әлеуметтік желіні пайдалану, БАҚ-та сөйлеу, мүдделер қайшылығы кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы мәселелер қамтылған. Бұл шаралар тәртіптік теріс қылықтар жасау фактілерінің азаюына септігін тигізді.

         Басқарма өкілі брифингке қатысушыларға Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жарияланған жарияланымдарға күнделікті мониторинг жүргізіп тұратынын жеткізді. Мониторинг нәтижесімен басшылық лауазымдағы 4 тұлғаның тәртіптік істері Әдептік кеңесте қаралды. Сондай-ақ департамент мемлекеттік қызметшілердің қызметтік автокөлікті тек қызметтік мақсатқа пайдалануына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп келеді. Бұл бағытта арнайы watsapp желісі ашылған. Тұрғындар осы желі арқылы қызметтік көліктердің жұмыс бабынан тыс пайдалану деректерін суретке түсіріп, департаментке жолдай алады. Осындай түскен мәліметті зерделеу барысында ауылдық округтің әкімі қызметтік көлігімен қызметтен тыс уақытта кешкілік мейрамхана барғаны анықталды. Әдеп жөніндегі кеңес ұсынысымен оған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

         Өткен 6 айда департамент аймақтағы мемлекеттік органдарға 40 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесімен мемлекеттік қызмет заңнама нормаларын бұзған 44 бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 10 ұсыну мен нұсқама енгізілді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің баптары бойынша 18 әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 2,1 млн теңге өндірілген.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<