«Менің атам – майдангер»

5

0

Ұлы Отан соғысының 81 жылдығына орай Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі «Менің атам – майдангер» атты танымдық кеш аясында облыстық байқау ұйымдастырды. Онда Отан соғысы жылдарындағы майдангер аға буынның ерлігін, отаншылдық рухын жас ұрпаққа үлгі ету арқылы тарихи санасын қалыптастырып, патриоттық тәрбиені күшейту, жалпы адамзаттық әрі рухани құндылықтарды дәріптеуге мән берілді.

«Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық академиясында өткен іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ашып, байқаудың тағылымдық мазмұнына тоқтала келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауда қала, аудандардан келген 20 жоғары сынып оқушысы екі кезең бойынша білімі мен өнерін ортаға салды. Алғашқы кезеңде «Менің атам – майдангер» тақырыбында эссе жазып, онлайн форматта бақ сынаса, екінші кезеңде «Есімдерін ұлықтап жыр жазамыз» атты мүшәйрада өз шығармашылықтарынан майдангер аталарына арнаған өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, қатысушылар өзін-өзі таныстыру барысында патриоттық рухтағы жыр шумақтарын ұсынды.

Облыстық білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының бөлім басшысы Жұлдыз Асқарова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сара Бақтиярова, қалалық «Жастар театрының» директоры, айтыскер ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрмат Мансұр байқаға қазылық етті.

Жеңімпаздар облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтарымен  марапатталды. Жалпы қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Танымдық кешке облыстық ардагерлер кеңесінің Аталар алқасы, Әжелер алқасының және тұрақты комиссияларының мүшелері, салалық ардагерлер кеңесінің төрағалары,мектеп оқушылары, ұстаздары мен ата – аналары қатысты.

 «СБ» ақпарат