Мерейтойға тарту – мультфильм

288

0

Кеше облыстық білім басқармасы мен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың «Сиқырлы кілт» атты мультфильмінің тұсаукесері өтті.

– Бұл туынды әрбір мектеп оқу­шысына Сыр өңірінің табиғатын тануға, тарихын білуге көмегін береді деген үміттеміз. Өлкетану бағытындағы әр­бір сабақта пайдалануға қолайлы ең тиімді құралға айналады деген ойымыз да бар, – деді облыстық білім бас­қармасының басшысы Майра Мел­дебекова.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдрах­манова «Сиқырлы кілт» анимациялық мультфильмге 6 ай уақытын жұмсаған. Мультфильмнің жасалуына «Bilim Foundation» қоғамдық қоры да демеу­шілік көрсеткен.

– Өлкеміздің кешегі тарихы мен бүгінгісін байланыстырған туындыға үздік педагогтар мен тарихшыларды тарттық. Сондай-ақ, кейіпкерлерді облысқа танымал әртістер дыбыстады. Менің бұл жұмысым Сыр елінің туған күніне жасаған тартуым болмақ, – деді мульфильм авторы.

Мультфильмнің сюжетінде Ару, Мәди, Әли есімді балақай сиқырлы кілт іздеп жүріп, белгілі тұлғалармен танысады. Туындыға арнайы саундтрек жазылған. Әнін автор өзі жазған.

– Қазір қазақ анимациялық фильм­дерінің қатары көп емес. Оның ішінде өлкетану бағытында біздің Сыр еліне байланысты туындылар болмаған. Сыр өңірі – тарихқа толы, тұлғаларға бай өлке. Сол тұлғаларды, өлкені таныту – әрқайсысымыздың міндетіміз. Сол міндетті Сымбат баланың тілімен, қара­пайым түрлі-түсті бояумен барынша заманауи үлгіде жеткізе білді, – деді «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.

Мультфильм балаларға түсінікті тілмен және түрлі-түсті бояулармен дайындалған. Жаңа туындының тұсау­кесеріне колледж студенттері, оқушылар қатысып, мультфильм тама­шалады.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жо­ба­сының жеңімпазы Сымбат Әбді­рахманова облыстың бірнеше аудан­дарында кездесу, коучинг, «Та­быс­қа жеткізген төлқұжат» пилоттық жобасы аясында семинарлар өткізді.

Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<