Облыс орталығындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде «Жайна жастар» атты әдемі ән кеші өтті. Бұл Сыр бойына танымал әнші, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Ү.Медеуованың ән кеші еді. Халықтың құрметіне бөленіп жүрген жезтаңдай әншінің концертіне көрермен қауым көп жиналды.
Айта кетейік, Үміт Медеуова сонау 1998 жылдан бері облыстық филармонияда әншілік қызмет атқарып келеді. Ол дәстүрлі әншілік өнер мен эстрадалық әндерді қатар орындайтын санаулы өнерпаздың бірі. Жалпы, Үміт Медеуова үздіксіз шығармашылық ізденісінің адамы. Репертуарын дамылсыз жаңартып отыратын өнерпазды тыңдарманын тапқан әнші, талғампаз көрерменнен оң бағасын алған талант иесі десек жаңылыспаймыз.
Қазақ әндері мен жырларын қалықтатқан ән кешінде «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен «Томирис» би ансамблі де өнер көрсетті. Сондай-ақ, жұлдызды өнерпаздар шоғыры – әнші-композитор Индира Елубаева, Бекзат Молдабергенов, танымал жыршы Күнсұлу Түрікпен өнер көрсетті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<