Мыңыншы матч

8

0

Сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионында облыс әкімдігі және Freedom QJ лигасының ұйымдастыруымен қызыл­ордалық «Қайсар» және қостанайлық «Тобыл» командалары арасында QJ лига ойындарының мыңыншы тарихи матчының ашылу салтанаты өтті.

Оған облыс әкімінің бірінші орын­басары Данияр Жаналинов, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Freedom QJ League президенті Рохус Шох қатысты.

Данияр Еренғалиұлы жиналған қа­уымды тарихи матчтың ашылуымен құт­тықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.

– Өңір үшін маңызы зор жергілікті «Қайсар» мен қостанайлық «Тобыл» коман­далары арасындағы QJ лига ойындарының 1000-ы тарихи матчының ресми ашыл­уымен шын жүректен құттықтаймын!

Футбол тарихына алтын әріппен жазылатын маңызды доданың басты мақ­саты – отандық спортты, соның ішін­де жасөспірімдер футболын дамыту, кәсі­би футболшылар санын арттыру және коман­далар арасында бәсекелестікті қалып­­тас­тыру. Осы ретте жасөспірімдер ара­сындағы тарихи матчты біздің өңірде өткізуге ұсыныс білдірген Freedom QJ лигасына алғыс білдіреміз!

«Қайсар» QJ лига командасы 2023 жылы құрылды. Осы аралықта талантты футболшыларды тәрбиелеп шығарып, бүгінде қазақ футболының ұстаханасына айналып үлгерді. Аймақ мақтанышы Дінмұхаммед Рүстемұлы секілді үздік ойыншылар «Қайсар» футбол клубының негізгі құрамында, сондай-ақ Қазақстан жастар, ұлттық құрамада өнер көрсетуде. Бүгін жасыл алаңға шығатын жас футболшыларымызға сәттілік тілеймін! – деді Данияр Жаналинов.

Шарада сөз алған Тимур Турлов, Рохус Шох жасөспірімдер футболының дамуында QJ лига ойындарының маңызы зор екенін атап өтті.

Доп додасының соңында жастар арасында танымал әншілер Daricorn және ARО жанкүйерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі