«ҚАЙСАР» – ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

5

0

Волейболдан әйелдер арасындағы 34-ел чемпионатында қызылордалық «Қайсар» клубы сенімді ойын өрнегін көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды. Сыр өңірінің намысын қорғаған арулар маусым бойы тұрақтылық танытып, шешуші сәтте жарқырай көрінді.

Бес кезеңнен тұрған ел бі­рін­шілігінде 12 команда бақ сы­нады. Тартысты өткен тур­нирдің төр­тін­ші кезеңінде сегіз ұжым плей-офф кезеңіне өтті. Олардың қа­та­­рында «Хиуаз» (Атырау), «Жа­йық» (Орал), «Ер­тіс» (Пав­ло­дар), «Әлия» (Хром­тау), «Шым­кент», «Та­раз», «Ас­тана СДД» және «Қай­­сар» бар.

Топтық кезеңде қызылорда­лықтар «Әлия» мен «Ертіске» 1:3 есебімен жол бергенімен, ке­йін «Астана СДД» мен «Жайық­ты» айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде «Ертіспен» қайта кездес­кен «Қайсар» қарсыла­сынан 3:1 есебімен басым түс­ті. Ал финалда атыраулық «Хи­уазбен» өткен тар­тысты ойын­да қызылордалық қыздар қай­сарлық танытып, 3:2 есебі­мен жеңіске жетті.

Команданың бұл табысы – жүйелі жұмыстың, табанды­лық­тың және бірліктің нәти­жесі. Бас бапкер Дидар Сайын чемпион­дық­қа жету оңай бол­мағанын атап өтті.

– Бұл жеңіс кездейсоқ келген жоқ. Біз маусым бойы өте тың­ғы­лықты дайындалдық. Әр жат­ты­ғуды жауапкершілікпен өт­кізіп, қыздар бар күшін салды. Жаттығу процесінде тәртіпке, физикалық дайындыққа және тактикалық ойын­ға ерекше мән бердік. Қиын­дықтар да болды, бірақ бе­ріл­медік. Жігер ке­рек болды, мінез керек болды. Қыз­дар соны көрсете білді. Әр ойынға жеке дайындалып, қар­­сыластарды жіті талдадық. Соның бәрі финалда өз жемісін берді. Команда ішінде бірлік бар. Барлық ойыншы бір мақсат үшін еңбек етті. Біз тек те­х­никалық емес, психологиялық тұр­ғыдан да дайын болуға ты­рыс­тық. Финалдағы шешуші ойында қыздардың сабыр сақ­тап, соңына дейін күрес­ке­ні – еңбектің нәтижесі. Алдағы уақыт­та да осы қар­қын­ды жо­ғалтпай, одан әрі дами түсе­міз. Бұл – тек бас­тамасы, – деді ол.

Чемпиондықпен бірге «Қай­сар» қыздары жеке марапат­тан да құр қалмады. Үздік байла­ныс­­тырушы атанған Мөлдір Нұр­­лан ойынды шебер құрап, әр па­сымен көзге түсті, үздік диа­го­нал­шы Әдемі Қияшева шабуыл­да жар­қырап, қарсылас қорға­нысын бұз­ды, ал Жанел Қоңырова алаң­да алғыр­лығы­мен танылып, же­ңіске жол ашты.

Айта кетейік, «Қайсар» во­лей­­бол клубы 2023 жылы құ­рылған. Алғашқы маусымын­да команда 12 ұжымның ішінде бе­сінші орынға ие болды. Келе­сі жылы сегіз ко­манданың ара­сында төртінші орын­ға тұрақ­тап, тәжірибе жинақ­тады. Ал биыл­ғы маусымда сол еңбектің жемісін көріп, ел чем­пио­ны атанды.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»