Құрылтай

Өгемнің өжет өрені

13

0

Ізімізді басып келе жатқан ілтипатты ініміз Әбдімәжиттің жетпіс жастың жүлгесіне жетіп жатқанын естігеннен кейін оның өмір жолына, ғұмырлық деректеріне, қызмет жолдарына қайта бір үңіліп, байыпты бейілмен қарап шықтық. Тегінде, біз оны алғаш ат жалын тартып мініп, азаматтық кезеңді бастан кеше бастаған кезінен жақсы білетін едік. Былайша айтқанда, көз алдымызда өсті, қалыптасу сатысынан өтті, сол себепті оның осы кезге дейінгі барлық жемісті жетістіктері мен толайым табыстарына куә болып келеміз. Осы күндерде сонымен бірге тұлға тұрғысында тұғырға қонған бауырымыздың шыққан тегі мен өнген өтенін де біршама зерттеп көрдік. Сосын осыған қатысты білгендеріміз бен естігендерімізді, оқығандарымыз бен тоқығандарымызды ортаға салғанда жөн көрдік.

Оңтүстік Қазақстан өлкесінің қазіргі өзбек жерімен шектесетін шегінде Өгем деген өзгеше жота бар. Оның арғы бетін ежелгі қазақтар тұрақтары – Бостандық пен Шыршық тумандары, бергі қапталын киелі Қазығұрт ауданы ендей жайлап жатыр. Өгемнің көк сеңгірлі өркеш-өркеш өресінен әрі қарай асып түссең, шыңдардың шырқауынан шапшып шығатын Шыршық дариясы дәргейіне тап боласың, бері қарай сол жоталардың тұтас бір сілемі – Қаржан шоқысының шаужайын қиялай кесіп өтсең, ежелгі аңыздардан бері сабақты жібі үзілмей келе жатқан Жылаған атаның кемесі қалды делінетін мүйістің маңайынан табыласың. Екі жағы да киелі мекен, қастерлі қоныс, өнегелі өріс.

Бірақ бұлар әзелден еншілері бөліспеген, негізінен қазақтың белгілі бір тайпалары түтін түтеткен өмірі өзгеше өңірлері еді. 1956 жылы Одақтың сол кездегі атайман басшылары бір қолдың ұшымен пәрмен беріп, Өгемнің өкпе тұсын – Пскемнің етегіндегі еңселі елді Өзбекстанға беріп жібергенге дейін ол Оңтүстік Қазақстан облысының бүтін бір ауданы болатын. Біздің бұл реткі кейіпкеріміз – Әбдімәжит екі дүниенің еріксіз аударылып-төңкеріліп жатқан дәл сол аласапыран шағында, 1956 жылғы шіліңгір шілденің аптап аңызағы андағайлап соғып тұрған пәйтінде өмірге келіпті. Бұл пәсте ондағы өңіріміз біркелкі Жоғары Шыршық ауданының аумағы-тын, соңыра 1963 жылы ғана Ғазалкент өз алдына еншісін алып шығып, Бостандық деп аталатын екінші ағайындас ауданға айналды.

Әдетте сондай алмағайып уақытта өмірге келген өрендер өзгеше өнімді де өтімді, өршіл де өжет, өркеуде де өктем болып өседі деседі. Сол сөз ақиқат шығар, Өгемнің өзгеше саф ауасын құныға жұтып, Шыршықтың шымырлап бойға тарайтын таза суын құмары қанып ішкен Әбдімәжит те бала жасынан пісентті пысық, жылдымды жинақы болумен бірге, тым арманшыл да әсіре қиялшыл болып жетіліпті. Зәуіде бір осындайды еске түсір­генде, ол бұрын өзімізге қарап тұрған Бостандықтың «Табақсай» ауылында дүние дидарын көрген, тап сол алашапқын жылдары бозбала жасөспірім болып қалған әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтің арада 16 жыл өткеннен кейін, 1972 жылдың жазында Мюнхенде өткен Олимпиялық ойындарда қалың қазақ жұртынан шыққан тұңғыш чемпион атанғанын әсте қаперіне алмай тұра алмас еді. Қарап тұрса, бұл да кезінде өзіне біраз мо­ти­вация, яки жасындай жігер мен сергек серпін берген сияқты.

Мұның үстіне, Әбу Сина заманынан бергі медицина әлемінде әрбір зәузат адамның жалғанның жалпағына келген кесімді мерзімі, жылы, тіпті тәулігі мен сағатына дейін оның мінез-құлқына, физиологиясы мен өмір ырғағына тікелей әсер етеді деген ғылыми және психологиялық болжамдар бар. Кейбір зерттеулер туған жыл мезгілінің адам баласының болмыс-бітімі мен көңіл күй ауанына өз ізін қалдыратынын көрсетеді. Ал біздің қаһарманымыз сынды шілде айында кіндігі кесілгендер туасы сезімтал, отбасышыл, эмоционалды және өте қамқор болып келетін көрінеді. Олар текті тәкаппарлық пен ерекше еркіндікті сүйеді, бірақ туған-туыстары мен жақындарына қашанда мейірім шапағатын төгіп жүреді.

Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі, осы қасиеттердің бәрінің қалпесінен өзіміз ертеден жақсы танитын айтулы азамат, белгілі бизнесмен, бір әулеттің еңсе тұтар егемен егесі Әбдімәжит Жансақаловтың портреттік полотносына қажетті нақыш пен реңк беретін бояулардың палитрасын айқын көріп тұрмыз. Бұған енді оның Арыстан шоқжұлдызына жататын толымды тұлға екеніне назар аударсақ, біз бейнелеп отырған образдың бұрынғыдан бетер толыса, толыға түсетінін тағы байқаймыз. Расында 23 шілде мен 22 тамыз аралығында шаранадан шыққан оғландар нағыз ат жалды арыстан болып құралады екен. Өйткені, бұл жұлдыз жұлынының байырқалы белгісі аң патшасындай айбатты болып қалыптасып, батылдыққа, лидерлік қабілет пен дарынды болмысқа құлаш сермейтіндігі арқылы анық аңғарылып тұратынға ұқсайды. Тегі, арыстан нышанды атпал азамат өз кәсібінің саласында үлкен табыстарға қол жеткізеді, соның ішінде жеке кәсіпкерлікті дөңгелентіп әкете алады, дәйім жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға ұдайы ұмтылып тұрар еді.

Ал біз Мәжитпен ол әлі коммерцияның көсеуін көсеп, көсегесін көгерте қоймаған кезінен таныс-біліс болдық. Әлі есімде, біз қызмет етіп жүрген жылдары, сонау кеңес кезеңінде, 1985-1989 жылдары қаланың ірге­сіндегі Сырдария аудандық ауыл шаруа­шылығы басқармасында құрылыс саласын қадағалау тобының басшысы болып жүрді. Өгемнің өжет өрені сол уақыттың орайында да өзінің әрдайым ізденіс үстінде жүретінін, әлденеден жақсы ілік, ізгі ірге тапқысы келіп тұратынын көрсетуші еді. Сол тыңғы­лықтылығы мен тындырымдылығының арқасы шығар, өзінен жоғары тұрған басшы­лардың да оябынан табылып, көңілдерінен шығып, күндердің күнінде қызмет сатысы тепкішегімен біртіндеп өсудің өзекті өрнегіне түсті. Сөйтіп, 1989 жылы сол кезде аудандағы белді мекемелердің бірі болып табылатын №1 құрылыс жылжымалы механи­каландырылған колоннасына (СПМК-1) өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы етіп жіберілді. Әйткенмен, бұл лауазымда көп тығаттап отырып қалған жоқ, артынша мекеменің бас инженері бо­лып тағайындалды, ал екінші жылға қараған қайырымында колонна бастығының тізгінін де ұстады. Осылайша екі жылдың беделінде бөлім бастығы дәргейін мекеме бастығы дәрежесіне дейін жеткізіп шықты. Негізінде, бұл да оның өте пайымшыл да іскер маман бола білгенінің арқасында мүмкіндігінің орайы келген қауысты қадам еді.

Әлбетте, 1981-1991 жылдар аралығында әуелі сол аудандағы Жамбыл совхозының директоры, сосын сол тұста «аудандық агроөнеркәсіп бір­лестігі» деп аталған аудандық ауыл шаруашылығы басқарма­сының бастығы, содан соң аудандық атқару комитетінің төрағасы секілді лауазымды қызметтерді атқарған біз қара­мағымыздағы қарымды кадр – Әбдімәжит Алмағамбетұлы Жан­са­қалов­тың бұған дейін, 1973 жылы Қызылорда қаласындағы №43 орта мектепті бітіргенінен, 1978 жылы Қызылорда поли­техникалық техникумына оқуға түскенінен, содан әрі 1981-1987 жылдары Жамбыл гидро­мелиоративті ауылшаруашылық инсти­­тутының Қызылордадағы филиалын сырттай оқып тәмамдап, инженер-құры­лысшы мамандығын алғанынан хабардар едік. Осының бәрі оның шын мәнінде алдына мақсат қоя алатын мұраткер, талабы таудай табанды жігіт екенін білдіріп тұрды. Сондықтан Мәжит ініміздің ұсынақты да ұстамды тірліктерінің бәріне тілектестік танытып, қолымыздан келгенінше қолдау көрсетіп тұруға құмбыл болдық.

Атам қазақ «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деген нұсқауды, сірә, осындай сәттерде айтса керек. Бұдан бөлек, «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса, сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға тұт» деген нақылымыз да айтылады. Мұның екеуінің де Әбдімәжитке тікелей қатысы бар. Бұлай деп айтуымның астары: білдей құрылыс ұйымына сардар болып бекіген уағында ол 34-ке енді ғана келген жұлқындай жас жігіт екен. Мұндай кезде маманның жеке басының факторы көп нәрсені көлдей етіп шешіп кететіні тағы рас. Сондықтан біз оның жоғары оқу орнының өзін сырттай оқып бітіргеніне де, сала бойынша ұзақ жылдарға жалғасқан аса бай тәжірибе болмағанына да қарамастан, қызмет кезегімен тездетіп көтеріле беруіне толық жол ашып беріп отырдық. Әйтпесе, салада қалып алды дегені болмаса, сырттай оқыған маманның теория тұрғысынан ақсап жататыны еш құпия емес-тін.

Обалы не керек, Әбдімәжит өзіне көрсетілген сол зор сенімді адал ақтай білді. Ол нендей нәрсеге де парасатты пайыммен келуге мүдделілік танытты. Сол себепті кейінірек, 1995 жылы өзі басқарып келе жатқан СПМК-1 мекемесі заманның тала­бына сай «Дәнекер» акционерлік қоғамы болып қайта құрылу үдерісін бастан кешкен кезде басшылық бишігін ұстауды одан әрі жалғастырды. Арада жеті жыл өткеннен кейін, 2002 жылы «Дәнекер» ұйымы ашық акционерлік қоғамға айналдырылып, ол қоғам президенті болып қайта сайланды. Бірақ бір жылдан кейін ашық акцио­нерлік қоғамнан «Дәнекер» құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі» бо­лып қайта құрылды. Міне, біздің кейіп­ке­ріміз содан күні бүгінге дейін серіктес­тіктің бас директоры қызметін атқарып келеді.

Осы жылдардың бәрі бүгінде жоталы жастың жетесіне жетіп отырған Мәжит үшін жан-жақты жетілу мен кемелденудің келелі кезеңіне айналды. Сол жылдарда әлденеше мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, өскелең өңіріміздің өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ең бастысы, ол басқаратын, ол негізін қалаушы болып табылатын «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы айтулы құрылыс мекемелері қатарынан ойып орын алды. Бірақ мен осы жылдардың орайында аталмыш ұйымның Сыр бойында қандай қабағат құрылыстарды жүргізіп, қандай алып ғимараттардың қабырғасын қалаған­дарын санамалап айтып жатпаймын. Оны менсіз де медеттеп шығатындар табылар. Менің бұған қайталап қосарым: соңғы жиыр­ма жылдың төңірегінде «Дәнекер» облыстағы қажыр-қайраты мол құрылыс мекемелері флагманының бірі атанып келеді. Аймақта қазір бұл ұжымның атын білмейтін, оның басқан қадамдарынан хабарсыз ешкім жоқ.

Бір жақсы жері, ұйымды өз қолымен кестелеп құрап, осындай дәреже мен дең­гейге ұластырып отырған Әбді­мәжит құрмет мен қошеметтен, марапат пен мерей­ден кенде қалған емес. Ол – Қазақстанның құр­метті құ­ры­лысшысы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, сондай-ақ омы­рауынан «Құрмет» ордені мен «Ерен ең­бегі үшін» медалінің сыңғыры естіліп тұрады. Бұ­дан бөлек, кезінде Елбасының Алғыс хатымен, облыс және қала басшылығының көптеген мақтау қағаз­да­ры­мен, мерекелік медаль­дармен марапатталған. Ал 2014 жылы Ұлттық бизнес рейтинг жобасы бойын­ша «Құ­рылыс саласындағы еңбегі үшін» орденін, сон­дай-ақ Ұлы­британияда өткен Еуропа кәсіпкерлері ассам­блея­сының шеші­мімен «2009 жылдың менеджері» төсбелгісін алды. Бүгінде мәпелеп өсірген 3 қызы мен 1 ұлынан өрбіген ұрпақтың қызығына кенеліп отырған Мәжит ініміздің келінмен бірге өмірде алға қойған барлық басқа да мұрат-мақсаттарына жете беруіне тілектеспін.

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,

Қызылорда облысының құрметті азаматы