Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде абайсызда қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтеп жатыр. Олардың басым бөлігін жол-көлік оқиғасына себеп болған жүргізушілер құрайды.
Солардың бірі – Талғат есімді сотталған азамат. Оның айтуынша, бір сәттік асығыстық өмірін түбегейлі өзгертіп, орны толмас қайғыға себеп болған.
— Оқиға болған күні көлікте әйелім мен оның әпкесі болды. Неліктен екенін білмеймін, бірақ сол сәтте асығыстық танытып, жол қозғалысы қағидаларын елемедім. «Үлгеріп өтемін» деп ойладым. Алайда сол бір қателігім жол-көлік оқиғасына ұласып, әйелімнің әпкесі көз жұмды. Сол күннен бастап өмірім мүлде өзгерді. Өз кінәмді толық мойындаймын. Он бес жылға жуық көлік жүргізсем де, бір ғана қателік менің де, өзге бір отбасының да тағдырын өзгертті. Ең ауыр өкінішім – марқұмның артында отбасы мен балалары қалды. Олар анасынан айырылды. Сол қайғының орын алуына менің қателігім себеп болды. Бұл ой мені әлі күнге дейін мазалайды. Менің де бес балам, жасы жетпістен асқан ата-анам бар. Бұл жағдай олар үшін де ауыр соққы болды. Бір сәттік салғырттықтың салдары осындай орны толмас қасіретке әкелетінін енді ғана терең түсіндім, – дейді сотталған азамат.
Талғат бүгінде өз тағдырын өзгелерге сабақ болғанын қалайды. — Көлік тізгіндеген әрбір адам жол қозғалысы қағидаларын бұлжытпай сақтауы тиіс. Бір сәттік асығыстық немесе жауапсыздық адамның өмірін жалмап, бірнеше отбасының тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Заң алдында да, ар-ождан алдында да мұндай қателіктің өтеуі ауыр. Сондықтан әр жүргізуші жолға шыққанда өз өмірімен қатар өзгенің де өміріне жауапты екенін ұмытпауы керек, – дейді ол.






