ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

340

0

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық отбасы күні мерекесі аясында жас отбасыларды құттықтау мақсатында шара өтті. Басқосуды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде отбасы құндылықтары назардан тыс қалған емес. Керісінше, маңызы күн санап артып келеді. Халқымызда “Отан отбасынан басталады” деген дана сөз бар. Отбасында ата-ананың орны ерекше. Баланың басты ұстазы өз ата-анасы болғандықтан, шаңырақтан алған тәрбие – ел болашағының кепілі. Елбасы да “Отбасы – Қа­зақ­стан қоғамының діңгегі, эко­­номикадағы, мәдениеттегі, әлеу­­меттік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі” деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берген болатын. Бүгінгі шара осы отбасы құндылықтарын дәріптеу, үлгілі отбасыларды, үлкендеріміздің көрсетіп отырған өнегесін жастарға көрсету, сонымен қатар бұл мерекенің мән-маңызын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деді басқарма басшысы.
Мұнан соң сөз алған Сырдария ауданы, Аманкелді ауылынан келген “Жадыра” халықтық әжелер ансамблінің мүшелері Бисенгүл Иманбердиева, Сапаргүл Есмағанбетова, Пернегүл Ахметова, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлзакира Аманжолова, «Сыр аналары» кеңе­сінің төрайымы, облыстық тілдерді дамыту орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаевалар жастарға от­басы құндылықтары мен бала тәр­биесіндегі ата-ананың орны жайлы сөз етіп, өз ойларын ортаға салды.
Шара соңында қатысушылар құттықтау хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<