Отандық медицина саласында үш жаңа кәсіби стандарт әзірленді

351

0

Енді тіс дәрігерлері, клиникалық психологтар мен фармацевттер өз жұмысын жаңа бағдарлама бойынша жүргізеді. Бұл өзгерістер 25 мамандықты қамтиды.
 Жаңа жүйе Еңбек машықтарын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жобасы аясында енгізілді. Оны жүзеге асыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Дүниежүзілік банк қолдау көрсетті. Медицина саласындағы жаңа стандарттар әзірленген кезде жұмыс беруші, жоғары оқу орындары және жауапты ведомствоның барлық талаптары ескерілді. Құжат науқастардың медициналық және фармацевтикалық қызметтерге деген сұранысын қамтиды.
Бұл өзгерістер заманауи технологиялар мен емдеу тәсілдерін қолданысқа енгізіп, медицина саласын қарқынды дамытуға септігін тигізеді. Мұндай жаңашылдықтың арқасында Халыққа қызмет көрсету сапасы біршама артады деп күтілуде.
Алмагүл Қауышева, «Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсы» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары:
 – Бұл құжатта отандық медицинаға қажетті мамандардың білімі, машықтары, біліктілігі қандай деңгейде болуы керектігі жазылған. Науқастармен жұмыс жүргізу талаптары да бекітілді. Жұмыс берушілер үшін бұл өте маңызды. Себебі, оларға дәрігерлердің кәсіби деңгейі барынша жоғары болғаны қажет. Жаңа стандарттар тек жұмыс берушілерге ғана емес, жоғары оқу орындарына да қажет. Білім беру мекемелері бұл құжатқа сәйкес медицина саласында жетіспейтін мамандарды даярлайтын болады. Мәселен, қазір клиникалық психологтар тапшы. Оларға қатысты кәсіби стандарт та бұрын-соңды болмаған.
Алмагүл Қауышева, «Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсы» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары:
 – Қазіргі уақытта ауруханаларда клиникалық психологтар тапшы болып тұр. Әсіресе олар ауыр дерті бар науқастармен жұмыс жүргізуге қажет. Мысалы, қатерлі ісікке шалдыққан балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау керек болады. Сонда осы мамандар олармен сөйлесіп, көптеген мәселелерді шешуге жәрдемдеседі.
«Ел медицинасына енгізгелі отырған жаңа стандарттың біреуін әзірлеуге шамамен бір жыл уақыт кетеді», – дейді мамандар. Бұл жаңашылдық өміршеңдігін көрсетсе, жұмыс беруші, жоғары оқу орны мен жауапты ведомство отандық медицинаны алға жетелейтін мамандарды даярлап, саланың дамуын толықтай қамтамасыз ететіні сөзсіз.
 Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев

Дереккөз: 24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<