Отбасы – мемлекеттің іргетасы, ал оның беріктігі ата-ананың үйлесімді қарым-қатынасында. Әкенің қоғам мен шаңырақтағы беделін асқақтатудағы ананың рөлі қандай?
Ұлттық тәрбиемізде «Әке – асқар тау» деген теңеу бар. Бірақ сол таудың биіктігін балаға көрсететін де, танытатын да – ана. Бала дүниеге келгеннен анаға жақын болады, сондықтан оның аузынан шыққан әрбір сөз – бұлжымас заң.
Егер анасы әкенің беделін түсіріп, еңбегін жоққа шығарса, бала санасында оның тұлғалық бейнесі жоғалады. «Бұл шешімді әкең айтады», «Әкең келе жатыр, дайын отырайық», «Әкең отбасымыз үшін еңбек етіп жүр» деп отырса, бала жүрегінде әкеге деген шексіз құрмет оянады. Әкені сыйлау – ананың көрегендігі мен мәдениетінің көрінісі.
Қазір отбасындағы гендерлік теңдік мәселесі жиі айтылады. Дегенмен ана – отбасының ұйытқысы, ал әке – оның басшысы.
Әкенің беделі кез келген маңызды мәселеде соңғы сөзді оған қалдыру арқылы күшейеді. Оның қателігі немесе материалдық қиындықтары баланың көзінше ешқашан талқыланбауы тиіс.
Тапқан табысының аз-көптігіне қарамастан, отбасын асыраушы ретіндегі рөлін бағалау маңызды.
Әкенің қоғамдағы, жұмыстағы белсенділігі мен табысы тікелей үйдегі ахуалға байланысты. Ер-азамат сыртқы ортаның соққыларына, бәсекеге төтеп беруі үшін үйде сенімді тірегі болуы керек. Ерін пір тұтып сыйлаған әйел өзі де сыйлы болмақ.
Ананың үйдің берекесін келтіріп, еріне қолдау көрсетуі, азаматының қоғамда өз орнын табуына, биікті бағындыруына жол ашады. Ағайын-туыс, дос-жаран алдында ерінің абыройын асқақтатып, оны тұлға ретінде танытатын да – парасатты әйел.
Біз – ата-анадан өнеге алып сыйлауды борышымызға теңеген ұрпақпыз. Өсер елдің, өзекті жанның өмірінің мәні – өнеге.
Менің әкем соғыс ардагері, анамызбен 63 жыл отасып, қарттықтың бейнетін тартпай 96 жас жасады, 9 перзент, 34 немере, 76 шөбере көрді. «Тоқсанға келгенше тобығына жел тигізбеймін» деп қолдау көрсеткен ананың ілтипатын «Құрыштан құйған құдырет» кітабымда өнеге ретінде жазған едім.
Ал келін болып түскен шаңырағымда, енемнің отағасына құрметін, еңбек адамын қолдауын көріп өнегесін алдым. 11 перзент тәрбиелеген Батыр ананың ұл-қыздары әкені ардақтауды парасатты анадан үйреніп, ізгілікпен жалғастырып келеді.
Отан отбасынан басталады, Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан, оның басшысы өзіміз дауыс берген Президент, Мемлекет басшысының аймақтағы өкілі облыс әкімі. Елдің еңсесі биік болып дами берсін десек, біз аналар ел басқарып жүрген ер-азаматтарға тілектес болуымыз керек.
Шаңырақта әкесі сыйлы ортада өскен ұл болашақта жауапкершілігі зор, нағыз отағасы болып қалыптасады. Анасының әкесіне көрсеткен ізетін көріп өскен қыз болашақта өз жарын сыйлайтын, отбасының берекесін кіргізетін адал жар болады.
Әкенің қоғам мен отбасындағы орны ананың парасатымен өлшенеді. Ана әкенің мәртебесін көтеру арқылы өзінің де, балаларының да болашағын бақытты етеді.
Әкесі асқар таудай асқақтап тұрған отбасының балалары рухты, өжет және мемлекетшіл болып өседі. Жеті ұрпағымыздың тектілігін сақтайтын әкелер мен аналарымыз көп болсын.
Нұрсәуле МУСАЕВА,
«Бақытты әйел» жобасының спикері





