Жиырмасыншы ғасыр тарихындағы қасіретті оқиғаның бірі – Ұлы Отан соғысы. Бұл соғыста кеңес одағының құрамындағы елдер қатарында Қазақстан халқы да ерекше күш-қайрат танытты. Республикамыздағы бірнеше әскери құрамалардың ішінде еліміздің батыс облыстарынан жасақталған 90 процент қазақ жауынгерлерінен тұратын 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы ауыр шайқастардың алдыңғы шебінен табылып, сол кездегі КСРО-ның астанасы – Мәскеуді қорғауда, батыс майдан – Смоленск, Ржев, Сычев бағытындағы қалалар мен елді мекендерді жаудан азат етуде жан аямай шайқасты. Майданның алдыңғы шебінде жүріп, небір ауыр күндерді басынан кешкен атқыштар бригадасы он мыңнан аса жауынгерінен айырылды. Алайда, соғыстың соңғы сәтіне дейін беріспей шайқасқан олар айрықша табандылығымен тарихта қалды.
Жерлесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов көп жылдан бері осы тақырыпта қалам тартып келеді. Жуырда қаламгердің «Ржев қазанында қайнағандар» атты кітабы жарыққа шықты. Кітапта әйгілі 101-ші дербес ұлттық бригадасының командалық құрамы, жорық жолы, «Марс» операциясы жайлы маңызды деректер баяндалған. Осынау атқыштар бригадасының құрамында болған сарбаздар туралы естеліктер жинақталған. Автор деректі материалдарды жинақтау барысында Қызылорда, Ақтөбе облыстарының және РФ орталық мұрағатынан көптеген мәліметтер алған. Сондықтан бұл шығармашылық еңбек шынайылығымен құнды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<