Полицейлер сала ардагерімен кездесті

204

0

Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай ішкі істер органының ардагерімен кездесу шарасы өтті.

ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов жеке құраммен кездесті.

Әмірбек Бердібекұлы өзінің қызметтік жолын, бастан кешкен оқиғаларын еске алып, өткен шаққа ойша сапар шеккендей естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, кездесу барысында Әмірбек Бердібекұлы «Тәуелсіздік қырандары» атты кітапты таныстырды.

«Тәуелсіздік қырандары» атты кітабында Қызылорда облысы аумағында орын алған қоғамдық резонанс туғызған ауыр, аса ауыр қылмыстарды әшкерелеудегі полиция қызметкерлерінің ерен еңбегі жөніндегі шынайы оқиғалар қамтылған.

Детективті жанрдағы бұл туындыға ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында адал да абыройлы қызмет атқарған Әмірбек Шаймағамбетов пен елімізге белгілі жазушы Нұрлыбек Саматұлы авторлық еткен.

ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы сөз алып, қоғамдық толқыныс тудырған ауыр, аса ауыр қылмыстарды әшкерелеуде полиция қызметкерлерінің жанқиярлық ерліктері баяндалған деректі детективті туынды туралы кеңінен айтып өтті. Бұл туынды көп жылдық еңбектің нәтижесі.

Айта кетерлігі, 2021 жылдың 25 желтоқсанында республикалық «Заң-медиа» ЖШС мен Түркістан облысы Соты ұйымдастырған қазақ әдебиеті детективтік жанрдың атасы жазушы Кемел Тоқаев атындағы конкурста «Набат:операциясы» деректі әңгімесі жүлделі орын иеленсе, «Бір құмалақ..» атты деректі әңгімесі Кемел Тоқаев атындағы конкурстың детективті жанрда жазылған ең үздік шығармалары кірген «Шытырман» кітабына енгізілген.

Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлының полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерен еңбектері туралы шығармалары, деректі әңгімелері республикалық «Заң газеті», «Юридическая газета», «Фемида», «Полиция КZ» журналдарында, «Сақшы», «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып, полицияның қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруға зор үлесін тигізіп келеді.  

Кездесу соңы пікір алмасуға ұласып, Әмірбек Бердібекұлы полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Әсерлі де мазмұнды өткен шара соңында Әмірбек Бердібекұлы тәртіп сақшыларын Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтай отырып, ізгі лебізін білдірді.

Өз кезегінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Әміржан Өтегенов ардагер Әмірбек Бердібекұлына алғысын білдіріп, «Жас қызметкерлерді тәрбиелеуге, полицияның дәстүрлерін сақтап, дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғысымыз ерекше. Алға қойған тапсырманы адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі бола білдіңіз. Адал еңбегіңізге ризашылық таныта отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен шаңырағыңызға шаттық тілеймін» деген тілегін білдірді.