Полицейлер арасынан үздік маман анықталды

238

0

  «Қазақстан полициясы  күні» мерекесі  қарсаңында Қызылорда облысының ішкі істер департаментінде «Үздік маман»  байқау-конкурсы ұйымдастырылды.

Аталған байқау-конкурсы Қызылорда ОІІД-нің ақпараттық-аналитикалық бөліністері және ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің ақпараттық-аналитикалық бөлімшесі қызметкерлерінің арасында спорттық шеберлікті арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар жеке құрам арасында қызметтік-әскери тәртіпті нығайту, әрі үздік қызметкерлерді анықтау мақсатында өткізілді.

Бірінші күні байқауға қатысушылар атыс, дене шынықтыру дайындығы бойынша, атап айтқанда, 60/100 метр қашықтыққа жүгіру, 1000 метр қашықтыққа жүгіру және күштік жаттығулар кешені бойынша сынақтан өтіп, екінші күні Қазақстан Республикасының заңнамаларын және ішкі істер органдары қызметін регламенттейтін өзге де құқықтық актілерді, лауазымдық нұсқаулықтарды білу деңгейіне тестілеу түрінде сынақ тапсырды.

Байқау-конкурсының қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің ақпараттық-аналитикалық бөлімшесінің аға инспекторы полиция подполковнигі Байменова Гүлжан Рахимовна «Үздік маман» иегері атанды. Жүлделі екінші орынды  ОІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының инженері полиция капитаны Оспанов Жалғасхан Тыныштықбайұлы алып, үшінші орын Жалағаш ауданы Ішкі істер бөлімінің ақпараттық-аналитикалық тобының аға инспекторы полиция майоры Есеналиев Ержан Оспанұлына берілді.

Жеңімпаздар Департаменттің грамоталарымен және дипломдарымен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды.

                                     Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<