«Қайсар Аренада» өткен тартысты кездесуде қызылордалық «Қайсар» Қазақстан кубогының 1/8 финалында ел чемпионы, алматылық «Қайратты» 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері белсенділік танытты. Төртінші минутта «Қайсар» есеп ашты. Айбол Әбікен орындаған айып соққысын қақпашы Шерхан Қалмұрза қайтара алғанымен, допқа бірінші болып жеткен Ерсұлтан Қалдыбеков торға дәл бағыттады. Бұл гол ойынның қарқынын арттырып, екі команда да шабуылға көбірек көңіл бөле бастады.
Бірінші таймда алматылық ұжым есепті теңестіруге тырысқанымен, қызылордалықтардың қорғанысы сыр бермеді. Екінші таймда да ойын тең дәрежеде өрбіді. 61-минутта «Қайсар» басымдығын еселей түсті. Батырхан Тәжібай қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 2:0-ге жеткізді.
Кездесудің екінші кезеңінде «Қайрат» таразы басын теңестіруге бар күшін салды. Нәтижесінде, ойын соңында Азамат Тұяқбаев бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда бұдан әріге алматылықтарға мүмкіндік бермеген «Қайсар» жеңісті уысынан шығарған жоқ. Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жеткен қызылордалық команда Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде «Қайсар» қостанайлық «Тобылмен» кездесіп, жартылай финалға шығу үшін бақ сынайды.
Аружан АБЫЛАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
2-курс студенті





