Қамқоршы қоғам 85 жылдығын атап өтті

761

0

Олар өмірге өкпелі емес. Жүрек түкпіріндегі мейірім нұрымен өмір сүреді. Мына өмірге ғашық. Иә, тағдырдан қанша төпеу көрсе де, ешкімге ренжімейді. Әлемді алақанмен көреді, саусақпен таниды. Қазақ қоғамы да оларды кедергісіз келешек қалыптастырып, көз жанарынан айырылған жандардың қоғамнан бір мүшесі ретінде белсенділік танытуына жағдай жасап келеді. Осы ретте бүгін Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде Қазақ соқырлар қоғамының құрылғанына 85 жыл толуына орай шара өтті. Онда осы қоғамның бірқатар мүшелері марапатталды.

Бұл қоғамның іргетасын сонау 1966 жылы Дербісәлі Көздібаев қалаған болатын. Күні бүгінге дейінгі аралықта аталған ұйымды Сайлау Ақшолақов, Қалдыгүл Кәрібаева, Шаһзада Қасымов, Асқар Қолдабеков, Эльмира Үсенова тәрізді білікті басшылар басқарды. Салтанатты жиында қоғамның кешесі мен бүгініне тоқталып, тарихқа көз жүгіртті. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев сөз сөйлеп, аталған бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен көмектерге тоқталды.

– Зағип және көзі нашар көретін азаматтар қоғам назарынан ешқашан шет қалмайды. Аудан әкімдігі тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін әлеуметтік көмектер жүйелі қолға алынған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Инватакси» қызметі тұрақты түрде іске асырылып келеді.

Шарасоңында бірқатар азаматтар аудан әкімінің және аталған қоғамның арнаулы алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.

АҚТОЛҚЫН АЛТЫНБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<