Қара паранжа кигендердікі еліктеушілік пе – Нұрлан имам жауабы

283

0

Сурет: pixabay

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргенін сынға алды. Осыған қатысты Нұрлан имам Байжігітұлы пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Нұрлан имам Байжігітұлы 24kz-ға берген сұқбатында радикалды неофиттер деген біздің елімізде сәләфиттер екенін айтты. 

«Сәләфизм белгілі бір мөлшерде мемлекеттік деңгейге дейін кіріп кеткен жағдайлары бар. Сол сәләфизмнің түрткісімен біздің жастар арасында адасулар бар. Жалпы, біздің қазақтың ерекшелігі – бір нәрсені қолға алса, соған жан-тәнімен беріліп кетеді. Сондықтан Түркияда оқысы сол жақтың, араб елде оқығаны сол елдің менталитетін бізге тануға тырысады. Сол секілді Үндістанда оқыса үндінің, Батыста оқыса батыстың жүйесін осында алып келуге құмарлаумыз. Ал, негізінен, бұл нәрселер біздің болмысымызға жат дүниелер. Қазақ бұрыннан мұсылман елі. Бізде де оқымысты, әлемді мойындатқан даналар болған. Міне, солардың аттары, солардың ғылыми дүниесі біздерге өмірлік мұра бола алады», – деді Нұрлан имам.

Оның айтуынша, бет-ауызды тұмшалайтын паранжа – араб киімі.

«Иә, шариғат бойынша әйел адамның әурет жері жабық болуы шарт. Мұны апа-апайларымыз бұған дейін орындаған. Қара киіп емес, әрине. Онда да тек көзді қалдырып, қалған жерді тұмшалау – біздің табиғатымызға да, болмысымызға да, өмірімізге де қайшы. Әсіре діншіл болғысы келетін адамдар болады. Оны орындай берсін, тек үйінде, отбасы шеңберінде, ал қоғамдық орында қоғам талабына бағынуы міндет. Қоғам үшін бетті жабу жат. Оған үрке қарайды. Үстіне қара паранжа, қолына қара қолғап, көзіне қара көзілдірік, ақыры қолындағы телефонының қабына дейін қара қылып сауда үйінде жүрген әйел исламның насихатын, руханияттың өсімін көрсетпейді. Мұсылман адам аса қарапайым болуы шарт, олай ерекшеленбеуі керек. Жалпы, қара киімге біздің елде тыйым салған дұрыс», – дейді имам.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<