Құрылтай

Қара Сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары сәтті аяқталды

8

0

«Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» мемлекеттік орман қоры аумағында орман молықтыру және шөлейттенуге қарсы іс-шаралар аясында 2026 жылдың көктемгі кезеңінде қара сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізді.

Осы мақсатта «Қарақұм» орманшылығының №57 орамының 1-телімі мен №56 орамының 7-телімінде жалпы көлемі 702,5 гектар жер арнайы соқамен жолақталып, көшет отырғызуға дайындалды.

Дайындалған алқапқа барлығы 1 264 500 дана қара сексеуіл көшеті отырғызылды. Жұмыстар агротехникалық талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, көшеттердің сапалы жерсінуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Қара сексеуіл – шөлейт аймақтардың экологиялық тепе-теңдігін сақтауда ерекше маңызға ие ағаш тұқымы. Ол құм көшкіндерінің алдын алып, топырақты бекітуге, табиғи ортаны сақтауға және өңірдің биоалуантүрлілігін арттыруға зор үлес қосады.

Мекеме алдағы уақытта отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, олардың сақталуы мен өсуіне тұрақты бақылау жүргізетін болады.