Қызылорда облысы Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің ұйымдастыруымен қару-жарақ сататын дүкендерде жоспарлы оқу-жаттығу өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – нысандардың қауіпсіздігін күшейту, жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарын жетілдіру және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды пысықтау.
Оқу-жаттығу барысында қару-жарақ дүкендерін күзететін «Фархад секьюрити» ЖШС мен «ТС Секьюрити» ЖШС қызметкерлері және полиция жасақтарының бірлескен әрекет ету алгоритмдері іс жүзінде тексерілді. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде нысанды қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша өзара іс-қимыл тәртібі пысықталды.
Қызметкерлерге күмәнді тұлғалар немесе құқыққа қайшы әрекеттер анықталған жағдайда жедел ақпарат беру, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алғашқы іс-қимылдарды дұрыс ұйымдастыру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және өзге де қауіпсіздік құралдарының техникалық жай-күйі тексеріліп, олардың тиімді қолданылуына ерекше назар аударылды.
Осындай профилактикалық іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізілетін болады.






